Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-не Питцер колледжінің (Кларемонт, Калифорния, АҚШ) Жаһандық және жергілікті әрекеттер және зерттеулер институтының жаһандық/жергілікті бағдарламалар жөніндегі деканының орынбасары Найджел Бойл келді. Кездесу халықаралық ынтымақтастық аясында өтті. Қонаққа университет туралы ақпарат берілді, университет басшылығымен және «Шет тілі: екі шет тілі» және «Шетел филологиясы» мамандықтарының студенттерімен кездесті. Сонымен қатар А.Толстой атындағы кітапханадағы Америка бұрышында болды.
Университет басшылығымен кездесуде А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ мен Питцер колледжі арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың келешегі айтылды. Атап айтқанда, студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық ұтқырлығы, тағылымдамадан өту, қос дипломдық білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және бірлескен ғылыми жобаларды жүргізу мақсатында оқу орындары арасында келісім-шарт жасау мүмкіндігі талқыланды.
Питцер колледжі Қазақстанда екі өкілдігі бар және орыс тілін оқытатын, түркі тілдерін зерттеуге көңіл бөлінетін санаулы американдық оқу орындарының бірі. Сондай-ақ Найджел Бойл қазақ тіліне де қызығушылық танытты және Қазақстандық жастарды колледж студенттері арасында көргісі келетінін білдірді.