БАРЛЫҚ ОҚУ – бір қосымшада

Baitursynuly University-де TutorKSU мобильді қосымшасы әзірленді.

Университеттің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бөлімі оқытушылар мен студенттерге арналған авторлық TutorKSU қосымшасын таныстырды. Қосымша негізгі оқу сервистері мен жасанды интеллект құралдарын бір платформаға біріктіреді.

Moodle, Platonus, сабақ кестесі, кітапхана, оқу материалдары мен жасанды интеллект көмекшілері – мұның бәрі Android және iOS жүйелерінде жұмыс істейтін бір қосымшада қолжетімді.

Жобаның басты мақсаты – студенттер мен оқытушылардың күнделікті оқуы мен жұмыс процесін жеңілдету. Студенттер қосымша арқылы бағаларын, транскрипті мен GPA көрсеткішін көріп, оқу орнынан анықтаманы өз бетінше қалыптастыра алады. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалу мерзімін бақылап, Moodle жүйесіндегі тесттерді смартфон арқылы тапсыруға мүмкіндік бар.

Қосымшада физика, химия, математика, бағдарламалау, биология, агрономия, тілдер және құқықтану бағыттары бойынша оқу модульдері де қамтылған.

Ал жасанды интеллект негізіндегі тренажерлер есептерді кезең-кезеңімен шығаруға, кеңес алуға және емтиханға дайындалуға көмектеседі.

Оқытушылар үшін де бірқатар қолайлы мүмкіндік қарастырылған. Олар смартфон арқылы Moodle жүйесіндегі жұмыстарды тексеріп, бағалай алады, оқу материалдары негізінде интерактивті тапсырмалар құрастырады, топтың нәтижелерін қарайды. Бұған қоса, силлабусқа қажетті әдебиеттерді іріктеп, олардың университет кітапханасында бар-жоғын тексере алады.

Қосымшаның қолжетімділігі мен қолдануға ыңғайлылығына да ерекше мән берілген.

Интерфейс қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Сонымен қатар жасанды интеллект мәтіндерді дауыстап оқи алады.

Негізгі оқу функциялары тегін. Пайдаланушыларға жасанды интеллектке тәулігіне төрт сұраныс жіберу мүмкіндігі берілген. Ал жаңа қолданушылар кеңейтілген мүмкіндіктерді үш күн бойы сынап көре алады.

Pro және Pro+ жазылымдары арқылы жасанды интеллектке жіберілетін сұраныстар санын арттырып, қосымша құралдарды пайдалануға болады.

Олардың айлық құны – 3 990 және 6 990 теңге.

Дегенмен негізгі оқу функцияларын пайдалану үшін ақылы жазылым рәсімдеу міндетті емес.

TutorKSU қосымшасының басты артықшылығы – университеттің күнделікті оқу процесінде қолданылатын сервистерін бір жерге жинақтау. Бұл студенттер мен оқытушылардың уақытын үнемдеп, олардың оқу мен жұмысқа көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.

TutorKSU Moodle, Platonus және басқа да университеттік жүйелерді алмастырмайды. Керісінше, сол сервистерді пайдалануды жеңілдетеді.

Қосымша Android және iOS құрылғыларының пайдаланушылары үшін қолжетімді. Жоба әлі де жетілдіріліп, жаңа мүмкіндіктермен толықтырылуда.

Қабылдау комиссиясы