А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің Журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының 3 курс студенттері Екатерина Байняшева мен Яна Гарькуша Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің (Челябі қ.) Медиа және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар институты ұйымдастырған «Планета Медиа» халықаралық байқауында жүлделі орындарға ие болды.
«Биыл байқауға 550-ден астам журналистік жұмыс келіп түсті. Жыл сайын материалдардың сапасы жақсарып келеді, тақырыптары да қызықтырақ. Бұл болашақ журналистердің мамандыққа қаншалықты терең бойлағанын көрсетеді», - деп Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің Журналистика, жарнама және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. Людмила Шестеркина студенттерге баға берді.
Екатерина «Телевизия» бағыты бойынша «Арнайы телерепортаж «Біз біргеміз» номинациясының жеңімпазы атанды. Ол «Журналистер және заң» атты еңбегінде БАҚ-тағы өзекті мәселелерге тоқталды.
Яна «Авторлық жобалар: блогтар мен подкасттар» бағыты бойынша «Студенттер» номинациясының қола жүлдесін иеленді. Ол «Театрдағы қоңырау» бейне-эссесінде телефондарды дыбыссыз режимге қоюдың неліктен және қашан маңызды екенін түсіндірді.
Екі жұмыс та «Медиасауаттылық» пәні аясында кафедра оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Алматай Жүсіпованың жетекшілігімен дайындалды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз!