А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Солтүстік Техас, АҚШ университетінің халықаралық жобасын жеңіп алды. Республиканың жоғары оқу орындарының 37 өтінімінің тек 5-еуі ғана мақұлданды, олардың ішінде біздің университет те бар.
Солтүстік Техас университеті (University of North Texas) Америкадағы ең ірі мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі, Карнеги классификациясы бойынша бірінші деңгейдегі зерттеу университеттерінің рейтингіне кіреді.
Жоба студенттерді ағылшын тілінде оқыту бойынша оқытушылардың құзыреттіліктерін арттыруға бағытталған. Ағылшын тілі оқытушыларының педагогикалық дағдыларын арттыру және оқу бағдарламаларын жаңғырту бойынша Орталық Азиялық университеттік серіктестік (UniCEN) бағдарламасы аясында Солтүстік Техас университеті 20 оқытушыға бес кезеңдік жобаны ұсынады.
Жобаны іске асырудың бірінші кезеңі жеті апта ағылшын тілін онлайн оқытуды көздейді. Аяқтағаннан кейін Солтүстік Техас университетінің тілдік курстарының тиісті деңгейін аяқтағаны туралы сертификат беріледі.
Күндізгі форматта өтетін екінші кезең - ағылшын тілін шет тілі ретінде оқыту бойынша педагогикалық Workshop-семинар.
Үшінші кезең - ағылшын тілінде STEM-білім беру бойынша семинар.
STEM-science, technology, engineering and mathematics - бұл аббревиатура академиялық пәндерге қатысты терминді білдіреді: жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия және математика.
Төртінші кезең - университеттің білім беру бағдарламаларын жаңғырту. Үздік мамандар ағылшын тілін шетел тілі ретінде оқыту бойынша ҚӨУ-нің білім беру бағдарламаларын зерделейді және талдайды. Талдау нәтижелері бойынша оқу бағдарламаларын жаңарту және оларды осы саладағы жаһандық үрдістер мен үздік тәжірибеге сәйкестендіру жөнінде бағалау жасалып, ұсыныстар қалыптастырылатын болады.
Бесінші кезең - ынтымақтастық. Екі университеттің өкілдері студенттермен алмасу және қос диплом бағдарламалары бойынша алдағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен перспективаларын талқылайды.
Білім мен озық тәжірибені тарату мақсатында ҚӨУ жобаның семинарларына қатысу үшін Қостанай облысының өңірлік колледждері мен мектептерінен мұғалімдерді шақыруды жоспарлап отыр.