Сәуірдің 14-15-і аралығында Алматы технологиялық университетінде ҚР жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы XIV Республикалық пәндік олимпиаданың II кезеңі өтті. Олимпиадаға А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің атынан аға оқытушылар Анзор Саидов пен Любовь Павлованың жетекшілігімен Өңдеу және стандарттау технологиясы кафедрасының студенттері Нұржан Зияда, Артем Мишура және Валентина Афонина қатысты.
Сайыс бірнеше кезеңде өтті: 1-ші кезең - теориялық, онда студенттер тест тапсыру арқылы білім деңгейлерін көрсетті. 2-ші кезең – тәжірибелік, мұнда зертханалық жұмыстарды орындады. Ал қорытынды кезеңде ғылыми жобаларды қорғады.
Барлық 3 кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте студенттеріміз 2-орынды жеңіп алды. Жеке біріншілікте команда капитаны Нұржан Зияда 3-орынға ие болып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің дипломымен марапатталды.
Аталмыш бағыт бойынша барлығы 11 команда қатысты.
Студенттерді және олардың жетекшілерін олимпиададағы жеңістерімен құттықтаймыз!