Үкімет тарапынан жоғарғы оқу орындарына мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында кешенді жоспар әзірлеу жұмыстары тапсырылған болатын. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті облыстық білім басқармасымен өзара байланысты нығайта түсті. Бүгінгі таңда шектеу шаралары, мектептердегі қашықтан оқыту форматы оқушылардың білімін төмендеткені жасырын емес. Осы олқылықтарды қалпына келтіру үшін оқу ордасы кешенді жоспар құрып, ол туралы арнайы өткізілген брифингте талқыланды.
-Қазіргі пандемияға байланысты оқушыларымыз қашықтан оқуға көшті. Бұл орайда ата-ана да, мұғалімдер де барынша еңбек етіп келеді. Қашықтан оқытудың салдарынан оқушылардың білім деңгейі төмендеп кетті. Оны бәріміз де біліп, балаға қолдан келгенше қолдау көрсетіп жатырмыз. Осыған орай ҚР Білім және ғылым министрілігі университеттерге кешенді жоспар құруды тапсырған болатын. Онда мектеп оқушыларының білімін педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің көмегі арқылы жетілдіруге күш салу қажет екені айтылды. Осыған орай университет арнайы кешенді жоспар құрды. Қазір біздің студенттеріміз мектептерде осы жоспарды жүзеге асыруды бастап кетті. Бүгін біз олардың жұмыстары бойынша нақты есеп те алып отырмыз. Қаңтар айында практикаға барған студенттер оқушыларға білім алуға барынша көмек беруде. Бұл бастама биылғы оқу жылының аяғына дейін жалғасады. Келер оқу жылында да жоспарлы жұмыс өз жалғасатын табатын болады, - дейді педагогикалық институттың директоры Бибігүл Өтегенова.
Аталмыш жоспар өңірдегі және жалпы елдегі эпидимиялогиялық жағдайдың салдарын түзетуге негізделген, яғни мектеп оқушыларының білімін қалпына келтіру үшін бес ірі бағыт бойынша жұмыс істеуді ұсынып отыр. Олардың алғашқысы университет облыс мектептеріне қамқорлық жасап, үшінші тоқсанда педагогикалық практикада жүрген 3-4 курс студенттерін бастауыш сынып оқушыларына арнайы пәндер бойынша, оған қоса сенбі, жексенбі күндері қосымша сабақ ұйымдастырып, балаға білім алуға көмек береді. Қазіргі уақытта 4 курстың 526 студенті осындай практикада жүр. Ал 1,2,3 курстың 435 студенті «Сервистік оқыту» курсы арқылы оқушылардың білімін жетілдіруге арналған «Оқытуды үйрен» жобасын іске асыруда. Сонымен қатар әлеуметтік желілер арқылы ерікті студенттер арнайы платформалар бойынша мектеп оқушыларына кеңес беріп, виртуалды практикумдарды ұйымдастыруға арналған онлайн-алаң да жұмыс істейді. Студенттер мен педагогикалық бағыттағы кафедра оқытушылары арнайы пәндер бойынша репетиторлық көмек көрсетіп, оқушылардың білімін қалпына келтіріп, үй тапсырмасын орындауға көмекші болады.
Бұл жобаны өңірдің мектеп директорлары, пән мұғалімдері қолдайтындарын жеткізді. Тиімді бастама оқушыларға да, мұғалімдерге де, ата-анаға да көп көмек.