Skip to content

Тиімді ынтымақтастық

Бүгін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Ұлы Витаутас (Vitautas Magnus, Литва) университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Екі жақты келісімге ҚӨУ-нің ректоры Алма Дощанова мен Ұлы Витаутас университетінің жаратылыстану факультетінің деканы, профессор Саулюс Мицкявичюс қол қойды.

Ұлы Витаутас университеті Қазақстанның көптеген ЖОО-мен байланыс орнатқан. «Қостанай өңірлік университетімен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ризамыз»,-дейді қонақтар. Аталмыш ынтымақтастық келісімге сай оқу ордамыздың студенттері «Биология», «Экология», «Есеп және қаржы» білім беру бағдарламалары мен «Биология» магистрлік бағдарламасы бойынша қос диплом алу мүмкіндігіне ие. Ол үшін ҚӨУ-нің студенттері 100 жылдық тарихы бар Литва елінің оқу орнында 1 жыл көлемінде, яғни 5 және 7 семестр аралығында оқып келеді. Алайда мұндай мүмкіндікті ағылшын тілінің деңгейі - А2 немесе одан жоғары, не болмаса IELTS бойынша 4,5 көрсеткіші бар студенттер ғана пайдалана алады.

Айта кету керек, Ұлы Витаутас (Vitautas Magnus) университетінің дипломын әлемнің 50 елі, оның ішінде Еуроодақ елдері, сонымен қатар АҚШ пен Канада мойындайды.

Сондай-ақ бүгін осы меморандум аясында халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге де қол қойылды. Университеттер үшін бұл - өзара тиімді академиялық бағдарламалар мен курстарды әзірлеу, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттер мен оқытушылардың алмасуы, бірлескен зерттеулер мен конференциялар, дәрістер, тренингтер өткізу мүмкіндігі.  

Call center - 8 (7142) 93-10-10