Бүгін Қостанай өңірлік университетінің ұжымы Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, облыстық «Үздіксіз білім беру педагогы» жобасы бойынша мұғалім мамандығын таңдаған мектеп оқушыларымен кездесті. Аталмыш жоба екінші жыл жұмыс істеп келеді. Басында 3 қана мектеп болған жоба құрамында қазір облыстың 16 мектебі бар, көбісі ауыл, аудан мектептері. Сонымен қатар Рудный қаласының екі мектебі жобаға қатысуға тілек білдіріпті.
Жобаның мақсаты – жастарды педагогика бағытын таңдауға ынталандыру, мұғалім мамандығына алдын-ала дайындау. Яғни ұстаз болам деп шешкен мектеп оқушысын психологиялық тұрғыда жетілдіру, оқушымен байланыс орнату дағдыларына үйрету және ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастыру. Жоба авторы, жетекшісі, Қостанай облысы әкімдігінің білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Татьяна Набатникова: «Жастар педагог мандығын саналы түрде, қалап келуі керек. Жоба 7 мен 11 сынып оқушыларын қамтиды. Мамандықты ертерек таңдап, оқушы ЖОО-на психологиялық-эмоционалдық тұрғыда дайын, дұрыс таңдау жасағанына сенімді болып барғаны жөн»,- дейді.
ҚӨУ-нің ректоры Сейтбек Қуанышбаев пен Ө.Сұлтанғазин атындағы Педагогикалық институттың оқытушылары іс-шара барысында педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары, университеттегі оқу үрдісі, әскери кафедра, түрлі клубтар мен үйірмелер жайында ақпарат берді. Қостанай өңірлік университеті жоба қатысушылары үшін әдістемелік семинарлар мен шеберлік сыныптарын өткізуге ниетті. Сондай-ақ оқу ордасы әлеуетті талапкерлеріне кәсіби бағдар беруге, жобаға қатысушы мектеп мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Жалпы университетте қараша айынан бастап оқушыларға кәсіби бағдар беру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. ҚӨУ-нің командасы аудандар мен ауылдарды, қалаларды аралап, мектеп түлектерімен кездесуде. Басты мақсат – Солтүстік өңірдегі іргелі университет ретінде еліміздің дамуына сүбелі үлес қосу, біліктілігі жоғары кадрлар даярлау.