В.Двуреченский атындағы ауылшаруашылық институты, «Агрономия» мамандығының 2 курс студенті Станислав Заворотный Рамазан Тлеоф атындағы грант иегері атанды. Грантты ғалым-агрономның туыстары тағайындады.
Рамазан Тлеоф – Қостанай облысында ауыл шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосқан ғалым-агроном, көптеген марапаттарға ие, сонымен қатар Наурызым өңірінің «Құрметті азаматы» атағы бар.
Соңғы бірнеше жылдан бері «агрономия» мамандығының бір студенті отбасы есебінен білім алады. Студенттер арасында арнайы іріктеу өткізіледі. Биыл барлығы 11 өтінім қаралыпты. Іріктеу барысында студенттердің оқу үлгерімі, жеке жетістіктері, сондай-ақ әлеуметтік жағдайы ескерілді. Бұл жолы грантқа Станислав Заворотный лайық деп танылды.
– Мені таңдағандарына өте ризамын. Бұл - тек қаржылық көмек емес, сонымен қатар жастардың оқуға деген ынтасын арттыру деп білемін. Мен өз ісімнің шебері болатыныма сенімдімін, - деп алғысын білдірді Станислав Заворотный.
Станиславқа тағайындалған грантты табыстауға Рамазан Тлеофтың ағасы Жақсылық Тілеоф келді. Ол ғалым-агроном ағасының қызметі мен өмірі туралы айтып берді.