Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі» пәні бойынша XV республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Үш күн бойы еліміздің түпкір-түпкірінен жиналған 14 команда жеңіс үшін күресті. Олимпиада үш кезеңнен тұрды: интеллектуалды тур, ғылыми жоба және қозғалыс құзыреттілігі.
Байқау барысында компьютерлік тестілеу арқылы студенттердің теориялық білімдері сыналды, кейін олар алдын-ала таңдалған тақырып бойынша ғылыми жобаларын қорғады. Соңғы турда мектеп бағдарламасындағы негізгі спорт түрлері: баскетбол, волейбол және акробатика бойынша спорттық шеберліктерін көрсетті. Барлық кезеңдердің қорытындысы нәтижесінде А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің командасы 1 орынды жеңіп алды. Студенттеріміз жақсы дайындықпен келгендіктерін көрсетті. Осылайша, ҚӨУ-і келесі оқу жылында өтетін Дене шынықтыру және спорт теориясы мен әдістемесі бойынша XVI республикалық олимпиаданы өткізу құқығына ие болды.
Оқу ордамыздың намысын қорғаған Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының Дене шынықтыру және спорт теориясы мен практикасы кафедрасының жеңімпаз студенттері Аманжан Исламбековты, Нұрислам Жабаевты, Жәдігер Саветовты, Бауыржан Кокушевты, Вадим Ваисбродты және Тимур Валиевты, сондай-ақ оларды бастап барған аға оқытушылар Гульфия Сафаргалиева мен Дидар Жумекенованы құттықтаймыз!