Baitursynuly University шетелдік мамандар қатарын тағы бір тәжірибелі зерттеуші толықтырды.
Биыл күзде ҚӨУ-ге Литва денсаулық ғылымдары университетінің (Каунас қ.) ірі жануарлар клиникасының доценті, PhD, DVM Зоя Микниене келіп, өз тәжірибесімен бөлісті.
Ол Литвадағы зоопарктер мен табиғатты қорғау ұйымдарының ветеринарларымен бірге еңбек етіп қана қоймай, елдің Ветеринар дәрігерлер ассоциациясының мүшесі ретінде ғылым мен практиканы сабақтастырып келеді.
Зоя Владимировнаның дәрісін тыңдап, кейін бетпе-бет сөйлестік.
Дәрісте жылқының астмасы жайлы әңгіме өрбіді. Студенттер сұрақтарды жаудырып, аудитория өте қызу болды.
Дәрістен кейін әңгіме ҚӨУ-дің зертханасында жалғасты.
– Ештеңе де бекер болмайды. Бала күнімде суретші болғым келетін. Бірақ тағдыр мені ветеринарияға алып келді.
Алғашқы курста тіндердің микрокесінділерін зерттеп, оларды салып отыру маған қатты қызық болды. Суретке деген қабілетімді көрген ұстаздарым жұмыстарымды оқу материалдарына пайдаланып жүрді, – дейді күлімсіреп Зоя.
Ветеринарияның өзіне лайық жол екенін ол үшінші курста аңғарды. Сол кезде зообақта санитар болып жұмысқа тұрған.
Оқумен жұмысты қатар алып жүру – мамандықтың мәнін тереңірек түсінуге көмектесті.
– Мамандығыңызға деген «махаббат» қалай оянды?
– Алдымен ветеринардың ассистенті болдым. Әр түрлі міндет атқара жүріп, біртіндеп бұл саладан өз орнымды таптым.
Университетті екі баламен бітірдім: ұлым бесінші курста дүниеге келді, қызым – кейінірек.
Содан кейін алты жылдық ветеринария бағдарламасын, екі жылдық резидентураны тәмамдап, гематология мен токсикологияны таңдадым. Докторлық диссертациямды қорғап, ассоциирленген профессор атандым.
Қазір Зоя ең кішкентай жануарлардан бастап (тышқан, тауық) ірі малға (сиыр, жылқы) дейінгі көптеген түрмен жұмыс істейді.
2007 жылдан бері студенттерге жылқының жұқпалы емес аурулары, зертханалық диагностика, гематология және токсикология пәндерін оқытады.
Ғылым практикамен тығыз байланыста: қан мен сүйек кемігін зерттеу, фитопрепараттар, апитерапия – күнделікті жұмысының бір бөлігі.
⠀
– ҚӨУ-ге келудегі басты мақсатыңыз?
– Ғылыми әріптестік. Біз PhD бағдарламасы аясында бірлесе еңбек етіп жүрміз. Докторанттарды қолдап, бұл бағытты бірге дамытып келеміз. Шәкірттерімнің бірі – қазір доцент атанса, екіншісі диссертациясын қорғауға дайындалып жатыр. Мен оларға шетелдік ғылыми жетекші болып бағыт-бағдар беремін. Бірге мақалалар жазып, кеңес өткізіп, зерттеулерімізді жалғастырып келеміз.
⠀
Қазақстандық студенттер туралы Зоя жылы жымиып айтады:
– Студенттеріңіз өте сыпайы. Бейтаныс оқытушы кіргеннің өзінде, «Сәлем» не «Здравствуйте» деп жылы амандасады. Бұл – құрметтің белгісі.
Еуропада студенттер талапшыл, өз құқықтарын жақсы біледі. Бірақ ең маңыздысы – баға үшін емес, білім үшін оқу.
– Литвадағы білім жүйесі несімен ерекшеленеді?
– Біздің университет – Литва денсаулық ғылымдары университеті – ең ірі оқу орындарының бірі. Мұнда медицина, фармакология, психология, санитария және ветеринария бір ортада оқытылады.
Ветеринарияны оқу – алты жыл. Одан кейін резидентура мен докторантура – жалпы 12 жылға дейін.
Практика уақыты – шамамен 70%. Теория – 15%. Қалғанын студенттер өздері меңгереді.
Симуляциялық орталығымыз бар: жануар моделінде қан алу, инъекция жасау, тіпті хирургиялық операцияларды үйренеді.
10–11 студенттен тұратын шағын топтар оқытушыға әрқайсысына жеке көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Tutorial lessons – біздің басты ерекшелігіміз: студенттерге клиникалық жағдай беріледі, олар оны өздері зерттеп, шешім табады. Оқытушы – тек бағыт көрсетуші.
Қазақстан туралы да жылы пікірде:
– Қостанай көлемімен таңқалдырды. Жақында Алматыға барып келдім, бірақ Қостанай маған жайлырақ.
Бұл жолы қала мені «литвалық аспанымен» қарсы алды – бұлтты, сұрғылт. Біз мұны «цеппелин аспаны» дейміз, өйткені түсі ұлттық тағамымыз – цеппелиндерге ұқсайды.
Ал 2017 жылы алғаш келгенімде, Костанайдың ашық көк аспанына сүйсінген едім. Литвада ондай сирек кездеседі – аспан көбіне бұлтты, ауа ылғалды.
– Ұнататын қазақша сөзіңіз?
– «Рахмет». Өмірдегі әр сәттің, әр кездескен адамның қадірін біліп, шүкір ету керек.
Қазақстандағы дәстүрдің сақталып, ою-өрнектердің, киім-кешектің әсемдігі көрген жанды қуантады.
Халықтың қонақжайлығы мен бір-біріне деген сыйластығы да бірден сезіледі – есік ашып, автобуста орын береді.
– Ветеринар боламын деген студенттерге кеңесіңіз?
– Университет беретін мүмкіндіктің бәрін пайдалану: Erasmus бағдарламаларына қатысу, тағылымдамаларға бару, жаңа елдер мен мәдениеттерді көру.
Бұл – тек білімді тереңдету емес, ағылшын тілін жақсарту, басқа елдердің тәжірибесін түсіну.
Ветеринария – жануарға да, адамға да бағытталған қамқорлық. Еңбегіміз адамдар мен жануарлардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– «Кездейсоқтықтың бәрі кездейсоқ емес». Әр кездескен жан, әр бастан өткерген оқиға – өз ізін қалдырады. Барлығының өз мәні бар.




