Бүгін А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Жұмысқа орналастыру: болашағы мен келешектегі мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға «Серпін» мемлекеттік бағдарламасының түлектері мен студенттері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелдің мақсаты – жергілікті атқарушы органдармен және Қостанай облысында қызмет істейтін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» - «Серпін-2050» бағдарламасының түлектерімен өзара ынтымақтасты нығайту, «baitursynov_university serpin alumni» қоғамдық бірлестігін құру.
Аталмыш бағдарлама елімізде 2014 жылдан бастап жүзеге асып келеді. ҚӨУ 2014 жылдан бері «Серпін» бағдарламасы бойынша 945 жас маманды дайындады. Бүгіннің өзінде университетте бұл бағдарлама бойынша 154 студент білім алуда. Дайындық педагогикалық, ауылшаруашылық, техникалық, IT бағыттар бойынша жүзеге асырылады.
Биыл, 2023 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша 24 студент диплом алады. Бұл студенттер үшін, соңғы өзгерістерге байланысты, өтеу мерзімі тек 2 жыл (осыған дейін 3 жыл болатын) және түлектің жеке таңдауымен тізімі белгіленген 11 облыстың бірінде жұмыс істеуге болады.
Бағдарлама түлектерінің алаңсыз қызмет етуі үшін барлық жағдай жасалған, баспанамен қамтылады, жәрдемақылар төленеді. Жастарды жұмыспен қамту үшін басқа да мемлекеттік бағдарламалар бар. Бүгінгі шараға келген «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған ҚӨУ-нің түлектері жағдайларының жақсы екендіктерін айтты, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Олар: «Мемлекет тарапынан қолдау таптық, сендер де берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланыңдар»,-деп жас буынға кеңес берді.