Кең әлемге қадам басқанда, өз тіліңді ҰМЫТПА

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік универсиетінің филология және практикалық лингвистика кафедрасының инновациялық айлығы аясында «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» тақырыбында танымдық сайыс өтті.

Сайысқа машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультеті, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің бірінші курс студенттері қатысты.

Іс-шараның мақсаты – студенттерге мемлекеттік тілдің мәртебесін дәріптеу, тіл арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау, тілдік ортада еркін қарым-қатынас жасауға баулу.

Сайыс бағдарламасы «Таныстыру», «Ұшқыр ой», «Кім шапшаң?», «Жағдайдан жол табу», «Өнерің өрге жүзсін» деген кезеңдерді қамтыды.

Студенттер үш командаға бөлініп, білімдерін сынға салды.

Өткізілген танымдық сайыс барысында студенттер логикалық сұрақтар мен түрлі жағдаяттық тапсырмаларға жауап беру, мақал-мәтелдерді толықтыру арқылы өздерінің тапқырлығын және қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдыларын айқын көрсете алды.
Сонымен қатар, студенттер ұлттық салт-дәстүрге байланысты сахналық қойылымдар ұсынып, қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлерін мазмұнды әрі әсерлі түрде жеткізе білді.

Іс-шара аясында студенттер ақыл-ой ұшқырлығымен ғана емес, асық атып та жарысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды.

Қабылдау комиссиясы