Шәкірт пен ұстаздың ЫНТА-ЖІГЕРІ жайлы

ҚӨУ-дің болашақ педагогтары қонақ дәрісі барысында бірегей тәжірибе жинақтады.

«Оқыту мен бағалаудағы жаңа тәсілдер» пәнін терең меңгеру мақсатында жаратылыстану пәндері кафедрасының «География» мамандығында оқитын 3-курс студенттеріне арнайы шеберлік сағаты ұйымдастырылды.

Қонақ ретінде Тобыл қаласындағы №2 мектептің NXplorers бағдарламасының тәлімгері, география пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, магистр әрі республикалық деңгейдегі STEAM-тренер Марина Травкина шақырылды.

Тәжірибелі ұстаз болашақ әріптестерімен «Сабақта оқушы ынтасын арттырудың 10 әдісі» және «Мұғалімнің өз ісіне деген құлшынысын қалай ояту керек?» деген өзекті тақырыптар төңірегінде ой бөлісті. Спикер заманауи STEAM оқыту технологиясының қыр-сырын ашып, инженерлік дизайн негіздері мен NXplorers әдістемесінің 12 құралын таныстырды (оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілетін ұштайды).

Дәрістің практикалық бөлімінде студенттер Canva қосымшасы мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мектептегі жаратылыстану және география сабақтарына арналған интерактивті симуляторлар әзірледі. Осылайша, болашақ ұстаздар күрделі географиялық үдерістерді қарапайым әрі қызықты түсіндірудің озық үлгілерін өз қолдарымен жасап, құнды кәсіби тағылым алды.

Қабылдау комиссиясы