Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына ресми сапармен барды. Сапар барысында Татарстанның Набережные Челны қаласындағы Ресейдің ең ірі автомобиль корпорациясы «КАМАЗда» болды.
Мұнда Мемлекет басшысы «КАМАЗ» кәсіпорнының зауыттарында біліктілігін арттырып жатқан Қазақстандықтармен кездесті. Олардың барлығы Қостанайдағы 2024 жылдың екінші жартысында іске қосылатын «KamLitKZ» зауытында жұмыс істейтін болады. Аталмыш кәсіпорында білімін кеңейтіп жатқандар қатарында «Электр энергетикасы», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», сондай-ақ «Көлік. Көлік техникасы және технологиясы» білім беру бағдарламаларының 4-курс студенттері де бар. Олар зауытта өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Университетіміздің студенттеріне мұндай мүмкіндік Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы машина жасау саласындағы үкіметаралық келісімнің арқасында берілді. Осы келісім аясында 2021 жылдың маусым айында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті мен Қазан федералды университетінің (ҚФУ) Набережные Челны институты Қазақстанның машина жасау саласы үшін кадрларды мақсатты түрде даярлауды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ресейде біліктілігін арттырып жатқан жастар атынан Президент алдында А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің «Көлік. Көлік техникасы және технологиялары» ББ-ның 4 курс студенті Әли Құрманәлі сөз сөйледі. Әли оқу ордамызда «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алуда. Ол Мемлекет басшысына берілген мүмкіндік үшін алғыс айтып, жастар Қазақстанның машина жасау саласын дамытуға бар күш-жігерін салады деп сендірді. Осылайша, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті жаңа, білікті кадрларды даярлау мәселесінде маңызды жобаның стратегиялық серіктесі болмақ.