Нәтижесінде университет қызметкерлері инклюзивті білім беру бойынша міндетті біліктілікті арттыру курсын енді толықтай қашықтан өте алады. Яғни курсқа тіркелуден бастап, дайын сертификат алуға дейінгі барлық үдеріс онлайн форматта жүзеге асырылады.
Moodle платформасында «ЖОО-дағы инклюзивті білім беру ортасы» атты жаппай ашық онлайн-курс орналастырылды. Курс көлемі — 72 академиялық сағат. Оқу үш тілде қолжетімді және университеттің негізгі оқу кезеңдерін автоматтандыратын цифрлық сервисімен біріктірілген.
Қызметкерлер университеттің порталына кіріп, курсқа тіркеледі, оқу материалдарын меңгеріп, қорытынды тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижесі 70 пайыздан жоғары болған жағдайда, жүйе белгіленген үлгідегідегі сертификатты автоматты түрде қалыптастырады.
Курсты өту мерзім – екі апта. Оқу аяқталып, қорытынды тестілеуден сәтті өткеннен кейін сертификат қызметкердің электрондық поштасына автоматты түрде жіберіледі. Сертификаттың көшірмесі біліктілікті арттырудан өткенін есепке алу үшін құзыреттілік және мансаптық өсу офисі мен персоналды басқару бөліміне жолданады.
Жүйе оқу мерзімінің сақталуын да автоматты түрде бақылайды. Егер белгіленген мерзімнің аяқталуына бір апта қалғанда қызметкер қорытынды тестілеуден әлі өтпеген болса, оған электрондық пошта арқылы автоматты түрде ескерту жіберіледі.
Сервистің техникалық іске асырылуын ҚӨУ-дың цифрлық технологиялар және жасанды интеллект бөлімі қамтамасыз етті. Университеттің бейінді бөлімшелерімен бірлесіп, қызметкерді курсқа тіркеуден бастап, сертификатты автоматты түрде қалыптастыру және есепке алуға дейінгі барлық цифрлық үдеріс бір жолға қойылды.
Бұл тәсіл жұмыстардың көлемін азайтып, құжаттарды рәсімдеуге, оқу нәтижелерін ашық әрі жүйелі түрде есепке алуға және қызметкерлер үшін міндетті біліктілікті арттыру үдерісін барынша ыңғайлы етуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта осыған ұқсас форматта, ЖИ көмегімен университет қызметкерлеріне арналған тағы бір міндетті оқу курсын іске қосу жоспарда бар.
Біліктілікті арттыру процесін цифрландыру — Baitursynuly University-дің заманауи білім беру ортасын дамыту және университеттің ішкі үдерістеріне цифрлық құралдарды енгізу бағытындағы тағы бір оң қадам.
Курсқа тіркелу: kpk.unru-ai.com/teacher




=