Бүгін Қысқы мектеп аясында ҚӨУ-нің педагогикалық институтында «ЖОО-да оқыту мен оқудағы заманауи технологиялар» атты семинар өтті.
Семинарға жас оқытушылар қатысты. Ал спикер – тәжірибелі педагог, педагогика ғылымдарының кандидаты, педагогика, психология және арнайы білім беру кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бибікүл Өтегенова.
Семинар барысында ЖОО-дағы заманауи оқыту технологиялары, студенттердің оқу үдерісіне белсенділігі мен қызығушылығын арттыру әдістері талқыланып, түрлі жағдайлық кейстер қарастырылды.
Оқытудағы дәстүрлі және заманауи тәсілдер туралы да сөз болды. Семинарға қатысушылардың айтуынша, ұстаздар заман ағымына сай дамып, инновациялық әдіс-тәсілдерді дәстүрлі әдістермен ұштастыра білуі керек. Мақсат – студентті қызықтырып, оның мүмкіндіктерін ескеру.
Бибікүл Мазанқызы атап өткендей: «Қазір бізде студентке бағытталған оқыту тәсілін ұстанады, яғни студент оқу-тәрбие үдерісінің негізі, олардың белсенділігі, дербестігі мен сыни тұрғыдан ойлай алу мүмкіндігін дамыту – басты критерий. Сондықтан тәжірибеге сүйенген, жаңашыл ұстаз болу шарт».
Семинардың соңында педагогика ғылымдарының кандидаты, педагогика, психология және арнайы білім беру кафедрасының қауымдастырылған профессоры Татьяна Смаглий «Жұмыс істейтін бағалау: критерийлерден оқыту нәтижелеріне дейін» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді.
Шеберлік сабағында бағалаудың жаңа тәсілінің мәні неде, критериалды бағалау жүйесі қандай принциптерге негізделген, қалыптастырушы және жиынтық бағалаудың айырмашылығы неде деген сұрақтарға жауаптар берілді.
«Бағалау қажет пе?» деген сауалға қатысушылар керек деген уәж айтты. Олар, бағалау – ынталандырушы фактор екенін алға тартты.
Студенттер көбіне сессиядан сессияға дейін «бақытты» өмір сүреді, ал бағалаудың болмауы олардың оқу нәтижелеріне теріс әсер етуі мүмкін.
Бүгінгі іс-шаралар тартымды және интерактивті өтті, көптеген пікірталастар болды. Тәжірибелі педагогтар жас ұстаздармен өз тәжірибелерімен бөлісіп, бағыт-бағдар берді.







