Жаңа оқу жылында Baitursynuly University қабырғасына Fulbright халықаралық бағдарламасы арқылы ағылшын тілі пәнінің жас маманы, ассистент-оқытушы Александр Дворниковский келіп қосылды. Алдағы 10 ай бойы ол студенттермен бірге болып, ағылшын тілі сабақтарын өткізіп, speaking club ұйымдастырып қана қоймай, дебаттар мен еркін сұхбат алаңын ашпақ.
Ол кім?
Бүгін күндіз Александрмен таныстыру кездесуі өтті. Студенттер жаңа ұстазға қызықты да, еркін сұрақтарын қойды:
Қазақтың ұлттық тағамдарын татып көрдіңіз бе?
– Кеше самса жеп көрдім. Дәмі ерекше ұнады! Енді қазақтың басты асы – бесбармақтан дәм татуды армандап жүрмін.
АҚШ-та мектеп формасы болмайды деген рас па?
– Аймақ пен мектепке байланысты дүние. Мен оқыған мектепте форма болған жоқ. Ал кейбір, әсіресе жекеменшік мектептерде арнайы форма кию дәстүрі бар.
Білім алуда қай пәннің орны бөлек деп ойлайсыз?
– Әрине, ол – тарих. Өткенді білмей, бүгінді түсіну қиын, ал болашақты болжау тіпті мүмкін емес. Тарих бізге қателіктерді қайталамауды үйретіп, алға нық қадам басуға жол ашады.
КРУ-дың педагогикалық бағыттағы және «Computer science» студенттері жаңа ұстазбен ағылшын тілінен тәжірибеге бағытталған курстардан өте алады. Барлық студенттерге арналған апталық Speaking Club ашылып, сыни ойлау қабілетін дамыту үшін Debate Club іске қосылмақ.
Кейбір сабақтар Л. Толстой атындағы кітапхана жанындағы American Corner-де өтеді.
ҚӨУ-дегі халықаралық қарым-қатынастың бір бөлігі болу мүмкіндігін жіберіп алма!