Ө.Сұлтанғазин атындағы Педагогикалық институтының педагогика, психология және арнайы білім беру кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Людмила Лиходедова Ұлыбританияның екі жоғары оқу орнында тағылымдамадан өтті.
«Арнайы педагогтарды инклюзияға бағытталған даярлау» жобасы аясында ол Кембридж және Лондон университеттеріндегі біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Тағылымдама бағдарламасына инклюзия саласындағы жетекші ағылшын университеттерінің профессорларымен кездесулер, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету орталықтарына бару, инклюзияны қамтамасыз ету принциптері мен әдістерін талқылау, Англиядағы инклюзияны құқықтық реттеу, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар студенттерге көрсетілетін қолдау түрлері мен қызметтері туралы мәселелерді қарастыру кірді.
Сонымен қатар, бағдарламада практикалық сабақтар: тренингтер, воркшоптар, кейстерді талқылау және шеберлік сабақтары қамтылды.
Тағылымдама қорытындысы бойынша Людмила Николаевнаға біліктілікті арттыру туралы сертификат табысталды.