«Өсу нүктесі. Жұмыс берушілермен кездесу» атты дөңгелек үстел бүгін ҚӨУ-дің ауыл шаруашылығы ғылымдары факультетінің ветеринария медицинасы кафедрасында өтті.
Университетімізде өтіп жатқан әдістемелік инновациялар айлығы аясында Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарының мамандары бас қосты. Кездесудің мақсаты - ветеринария мамандығы түлектерін мемлекеттік және жеке ұйымдарға жұмысқа орналастырудағы өзекті мәселелерді анықтау, оларды шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу және жас мамандардың еңбек нарығына бейімделу механизмдерін жетілдіру.
Іс-шараға Baitursynuly University оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ басшысы Алмат Хамитбеков,«Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Қостанай облыстық филиалындағы өкілі Улболсын Хусаинова, СҚО әкімдігі Ветеринария басқармасының әкімшілік-құқықтық бөлімінің басшысы Аманболат Джетекенов, Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Рашид Жунусов, Қостанай облысы әкімдігі Ветеринария басқармасының өкілі Азамат Абиджанов, СҚО әкімдігі Ветеринария басқармасының Айыртау ауданы ветеринариялық станциясының өкілі Смагул Аубакиров, Тимирязев ауданы ветеринариялық станциясының директоры Асия Альбекова, Айыртау ауданы ветеринариялық станциясының директоры Серик Икашев, Есіл ауданы ветеринариялық станциясының директоры Арман Илюкин, Шал ақын ауданы ветеринариялық станциясының директоры Серик Кокашев қатысты.
Кездесу бағдарламасында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарда мансапты сәтті бастау үшін қажетті негізгі құзыреттер мен дағдыларды анықтау қарастырылды. Сондай-ақ университет, студенттер және әлеуетті жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту арқылы білікті кадрларды даярлаудың бірыңғай стратегиясын қалыптастыру маңызды болды.
Қатысушылар баяндамашылардың сөздерін тыңдап, оларды қызығушылықпен талқылады. Ал түлектеріміз мемлекеттік мекеме өкілдерімен пайдалы байланыстар орнатып, болашақта ынтымақтастық пен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін қарастырды.