Baitursynuly University «Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранттары профессор Бибигуль Утегенованың жетекшілігімен «Жоғары оқу орнындағы студенттердің өзіндік жұмысын (СӨЖ) ұйымдастыру әдістемесі» тақырыбында семинарлық сабақ өткізді.
Семинардың мақсаты – СӨЖ-ге арналған тапсырмаларды әзірлеу әдістемесін меңгеру, олардың түрлері мен талаптарымен танысу, сондай-ақ өзіндік жұмысты ұйымдастырудағы инновациялық тәсілдерді талқылау.
Сабақ өзін-өзі біліммен қамтудың маңыздылығын талқылаудан басталды. Бұл тақырып данагөй қария туралы астарлы әңгімемен өрнектеліп, білімді игерудің ғана емес, оны саналы түрде қолданудың маңыздылығын айқындады.
Практикалық бөлімде қатысушылар микротоптарға бөлініп, өзіндік жұмысына арналған тапсырмаларды әзірледі, олардың бағалау критерийлерін қалыптастырды және студенттердің өзіндік жұмысының тиімділігін арттыруға арналған инновациялық идеяларды ұсынды. Негізгі ұсыныстардың ішінде – цифрлық технологияларды, геймификацияны, интерактивті платформаларды және жобалық қызметті қолдану бар.
Семинар рефлексиямен аяқталып, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, алған білімдерін педагогикалық тәжірибеде қалай қолдануға болатынын талқылады. Бұл іс-шара студенттердің өзіндік жұмысының оқу үдерісіндегі рөлін тереңірек түсінуге және оны заманауи білім беру трендтерін ескере отырып ұйымдастырудың жаңа жолдарын табуға мүмкіндік берді.