Baitursynuly University төрт магистранты М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде тағылымдамадан өтуде. Бағдарламаға серіктес университетпен танысу, оқытушылардан кеңес алу, магистрлік диссертацияға материал жинау және басқа да маңызды шаралар кіреді.
Нургуль Токкужина, Дайана Каримбаева және Мирас Муканов – «Химия» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранттары. СҚУ-де олар химиялық талдау жүргізу әдістерін меңгеріп, өздерінің диссертациялық зерттеулері аясында тәжірибеден өтіп жүр.
«Педагогика және психология» білім беру бағдарламасының 1-курс магистранты Дархан Мустафин өз мамандығы бойынша оқытушылардың тәжірибесін меңгеруде.
– Дәрістер мен семинарлар өте қызықты өтеді, – деп бөлісті Дархан. – Қажет болған жағдайда қосымша кеңес алуға әрдайым мүмкіндік бар. Университетте сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Бұл - менің зерттеу жұмысым үшін аса құнды тәжірибе!
Айта кетейік, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Baitursynuly University арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Ол тәжірибе алмасуды, бірлескен зерттеулер жүргізуді және ғылыми жобаларды жүзеге асыруды көздейді.