20 сәуірде Бухгалтерлік есеп және басқару кафедрасы ғылым айлығы аясында «Мен үздік есепшімін» байқауын өткізді, сондай-ақ аталмыш шара қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орайластырылды. Сайысқа Қостанай гуманитарлық колледжі, Рудный политехникалық колледжі, Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжінің командалары қатысты. Командалардың ғылыми жетекшілері де шәкірттерін қолдай келіпті.
Байқау «Есеп және аудит» мамандығының беделін арттыру, жастардың ой-өрісін кеңейтіп, болашақ мамандығына деген қызығушылықтарын қалыптастыру, тапсырмаларды орындау барысында оқушылардың кәсіби дағдыларын, оқуға шығармашылық көзқарасын, логикалық ойлауын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Білім додасына тиісті дайындықтары бар колледж студенттері қатысты. Байқау тапсырмалары олардың оқу процесінде алған кәсіби білімдері мен дағдыларының деңгейін көрсетеді. Тапсырмалар бірнеше кезеңнен тұрды. Теориялық бөлімде студенттер тест тапсыруы керек болды, тапсырмаға берілетін жоғарғы ұпай саны - 20 балл. Практикалық бөлімде есептерді шығаруға 90 минут берілді, бұл тапсырмалар 80 ұпаймен бағаланды.
Байқауды құрамында П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының директоры Әлібек Табулденов, Бухгалтерлік есеп және басқару кафедрасының меңгерушісі Айдар Байкин және осы кафедраның оқытушылары Гүлдер Абаева, Елена Ладаненко, Нұржанат Молдағалиева бар қазылар алқасы бағалады. Модераторы – кафедра оқытушысы Әсел Какирова.
Сайыс қорытындысы төмендегідей:
1 орын Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжіне тиесілі. 2-орында Рудный политехникалық колледжі, ал Қостанай гуманитарлық колледжі үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздар А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің дипломдарымен және естелік сыйлықтарымен марапатталды. Команда жетекшілеріне алғыс хаттар табысталды. Қалған командалар да сайысқа белсенді қатысқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды.