А.Байтұрсынов атындағы ҚРУ мен Қостанай қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Басқарма бастығы Біржан Үсембаев көтерген бастаманы оқу орны ректоры Сейітбек Қуанышбаев қабыл алды.
Келісім бірінші кезекте мемлекеттік кірістер органдары үшін білікті кадрларды даярлау сапасын арттыруға бағытталған. Ынтымақтастық бағыттары: тәжірибеге бағытталған сабақтар өткізу, бірлескен жобалар әзірлеу, салық салу жүйесін дамытудың өзекті мәселелері бойынша конференциялар, шеберлік сабақтарын ұйымдастыруға көмектесу, университетіміздің түлектерін одан әрі жұмысқа орналастыру мақсатында студенттердің кәсіби тәжірибеден өтулерін қадағалау. Аталған келісімнің нәтижесінде студенттеріміз өндірістік тәжірибе кезінде басқару жұмыстарына қатыса алады, бұл олардың практикалық дағдыларды жақсы меңгерулеріне, дамытуларына және мемлекеттік кірістер саласында бастапқы кәсіби тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болады.
Екі тарап та бұл келісім студенттерді дайындаудағы маңызды кезең екенін атап өтті. Осыған дейін де Мемлекеттік кірістер басқармасы ҚӨУ студенттеріне бірлескен семинарлар мен экскурсиялар, лекциялар, шеберлік сабақтарын өткізіп жүрген. Енді студенттер оқу-өндірістік тәжірибе барысында салық жүйесінің ерекшеліктерімен таныса алады.
Өз кезегінде университет басшылығы Біржан Жолдасұлы Үсембаевқа жас кадрларды дайындауға атсалысып, өзара ынтымақтастыққа қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіреді.