Ағымдағы жылдың қаңтар айында "Білім туралы" Заңға мемлекеттік гранттарды еңбекпен өтеу бойынша талаптарға өзгерістер енгізілді.
ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов атап өткендей, заңға енгізілген түзетулер әділдікті арттыруға және жоғары оқу орындарында білім алуға тең жағдай жасауға бағытталған.
Baitursynov university-нің мансап және жұмысқа орналастыру орталығы мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқитын түлектерге заңнамадағы түзетулерді түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Өз кезегінде, ҚӨУ институттары түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша жоспарлы жүйелі жұмыс жүргізуде. Жұмыс берушілермен кездесулер, өндіріске экскурсиялар, бос орындар жәрмеңкелерін өткізу, бірлескен конкурстар мен жобаларды іске асыру және т.б. шаралар дәстүрге айналды.
Айта кету керек, биыл 850-ден астам грант иегерлері оқу орнын тамамдайды. Олардың 500-ден астамы қандай қызметке орналасатынын нақты біледі. Барлық білім беру бағдарламаларының түлектерін жұмысқа орналастыру есебі жыл бойы жүргізіліп келеді, университет сайтының "түлек" бөлімінде білім алушылар барлық бос жұмыс орындарын зерделей алады, онда көптеген ұсыныстар бар.
Бүгінгі күні мансап және жұмысқа орналастыру орталығының базасында 600-ден астам өзекті бос жұмыс орны бар. Сондай-ақ, жаңа жұмыс берушілерді ынтымақтастыққа тарту және бос жұмыс орындарының санын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда.