Бүгін А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-нің мәжіліс залында «Жалпы білім беретін мектепте дарынды балалармен жұмыс жасау барысында тарих сабақтары мен құқық негіздері пәнін өткізудегі инновациялық тәсілдер» тақырыбында әдістемелік семинар өтті. Семинарға 30-дан астам қала мектептерінің тарих пәні мұғалімдері қатысты. Іс-шара қазақтың көрнекті қайраткері, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Алғашқы болып сөз сөйлеген ҚӨУ-нің оқу ісі жөніндегі проректоры Ербол Исақаев университет пен мектеп арасындағы байланыстың маңыздылығын атап өтті.
Келесі сөзді Қашықтықтан оқыту және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Азамат Жикеев алды. Ол қатысушыларға университеттің қосымша білім беруді ұйымдастырудағы мүмкіндіктері, атап айтқанда, біліктілікті арттыру курстары, магистратура бағдарламалары туралы айтып берді.
Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Нұрышева өз сөзінде Ахмет Байтұрсынұлының мектептегі білім сапасын арттыруға жасаған қамқорлығы жайлы айтты.
Спикерлер, Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айбек Шалғымбеков, М.Қозыбаев атындағы №23 мектептің тәжірибелі мұғалімдері мектеп оқушыларын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларға дайындаудағы негізгі ғылыми-әдістемелік тәсілдерге тоқталды.
Қалалық білім бөлімінің әдіскері Бағитнұр Ерденова университетпен ынтымақтастық байланыс орнатуға ұсыныс жасады. ЖОО басшылығы ұсынысты қабыл алды. Сондай-ақ семинар барысында Гүлмира Нұрышева қатысушыларды кафедраның «Тарихты» оқыту бағыты бойынша қызметімен таныстырып, кадрлық әлеуеті және кафедра мен Қостанай қаласы мектептері арасындағы байланысты нығайту бойынша атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Шараны ұйымдастыруға мұрындық болған П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы мен Қостанай қаласының қалалық білім бөлімі. Модераторы – қауымдастырылған профессор Серікжан Исмаилов.
Семинар соңында қатысушылар өзара пікір алмасты.