Биыл 48 магистрант оқуын сәтті аяқтап, университет ректоры Сеитбек Қуанышбаевтың қолынан диплом алды.
Магистратура түлектері бүгіннің өзінде түрлі салаларда табысты еңбек етуде. Олардың көпшілігі білім беру жүйесінде жұмыс істейді, мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарады, сондай-ақ қаржы, аграрлық және индустриялық бағыттарда қызмет етуде. Заңгерлер, қаржыгерлер, журналистер, энергетиктер, IT мамандары, тарихшылар, менеджерлер... Әрқайсысының өзіндік кәсіби тарихы бар.
«Журналистика» білім беру бағдарламасының түлегі Алтынай Тайева – Қостанай аудандық ауруханасының эндокринолог-дәрігері. Алтынайдың айтуынша, журналистикаға деген қызығушылығы бала кезінен болған. Блог жүргізе бастағанда, кәсіби тұрғыда дамуы үшін қажетті дағдылардың жетіспейтінін анықтаған:
– ҚӨУ-ге журналистика мамандығына оқуға түскен соң, блогымды кәсіби деңгейде дамыта бастадым, подкасттар жаздым. Қостанай қалалық ауруханасының бас дәрігерімен подкаст жарық көрді.
Сондай-ақ мен жаңалықтар паблигінде журналист болып жұмыс істеймін. Енді өзімді кәсіби медициналық журналистпін деп сеніммен айта аламын.
Алтынай докторантураға түсіп, журналистиканы әрі қарай зерттеуді жоспарлап отыр. Ол «Эпидемиологиялық жағдай кезінде материалды ұсыну ерекшеліктері» тақырыбындағы диссертациясын тереңірек зерттегісі келеді.
Тағы бір түлек – Павел Орлов «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» бағыты бойынша магистр дәрежесін алды. Қазіргі таңда ол Kia Qazaqstan зауытында дәнекерлеу және бояу цехтарының техникалық бақылау бюросының басшысы қызметін атқарады. Павел қазақстандық машина жасаудың дамуына үлес қосып, салаға заманауи технологияларды енгізуді армандайды.
ҚӨУ ұжымы магистратура түлектерін шын жүректен құттықтайды және оларға табысты ғылыми қызмет, жаңалықтар, шабыт пен кәсіби жетістіктерге жетуге мол мүмкіндіктер тілейді! Білім алған универлеріңізді ұмытпаңыздар)








