Қостанай облысы әкімдігі Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық Келісім» КММ-і Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150-жылдығына орай, бабалардың тарихи-өлкетану мұрасын сақтау мақсатында Қостанай облысының киелі жерлеріне «Ұлы дала елінің киелі мұрасы» экспедициясын ұйымдастырды. Экспедицияға А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің П.Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының 6В02201-Тарих мамандығының 1 курс студенттері қатысты. Олар Алтынсарин ауданындағы киелі жерлерге барып, Қостанай өңірінен шыққан атақты адамдардың өмірбаянымен танысты. Экспедицияның алғышқы нысаны Ыбырай Алтынсарин кесенесі болды. Студенттер кесенеге жеткенше жол бойы ағартушы-педагог, жазушы Ы.Алтынсарин жайлы ақпаратқа қанықты.
Одан әрі экспедиция мүшелері тарихи тұлғалар жерленген бейіттерге және Жазы Би көк тасына барып, құран бағыштады. Үшінші нысан – Әулие Шоқайдың зираты. Студенттер емші әулиенің үйіне кіріп, сол кездің тұрмыс-тіршілігімен танысты.
Облысымызда киелі, тарихи маңызы зор жерлер жетерлік. Өлкенің тарихымен, Тобыл-Торғай өңірінен шыққан даналар мен ғұламалардың өмірімен, еңбектерімен тек қана тарих мамандығының студенттері ғана емес, басқа да білім беру бағдарламаларының студенттері танысқаны жөн деген ойдамыз.