КОРЕЙ тілі = шетелдік тағылымдама

Бүгін әлемнің түкпір-түкпіріндегі Король Седжон институты филиалдарында ұлы патшаның туған күні атап өтілуде. Бұл айтулы мерекеден Baitursynuly University жанындағы институт та қалыс қалған жоқ.

15 мамыр – корей тілін үйренушілер үшін ерекше күн.

Дәл осы күні корей жазуының негізін қалап, хангыль әліпбиін қарапайым халықтың игілігіне айналдырған Седжон патша дүниеге келген.

ҚӨУ Sejong Haktang орталығында корей тілі курсының студенттері арасында шешендік өнер сайысы өтті.

Байқауға қатысқан жеті үміткер өздерінің әсерлі оқиғаларын тек корей тілінде баяндап берді.

Сайысқа институттың кемінде екі курсын тәмамдаған студенттер мен түлектер қатысты. Негізгі шарттардың бірі – қатысушының ата-анасы корей тілінің иесі болмауы тиіс.

Қатысушылар келесі тақырыптарда бақ сынасты:

Үміткерлер 2–5 минут ішінде тіл үйренудегі қызықты тәжірибелерімен бөлісіп, бұл таңдаудың олардың арман-мақсаттарына қалай әсер еткенін жеткізді.

Бас бәйге – тегін тағылымдама!

Сайыстың басты сыйы – 2027 жылы Оңтүстік Кореяда тегін тағылымдамадан өту мүмкіндігі.

Бұл сапарды Корея Республикасының Мәдениет, спорт және туризм министрлігі жанындағы Король Седжон институтының қоры толықтай қаржыландырады.

Бағдарламаның мақсаты – дүниежүзі бойынша корей тілін үйренушілерді қолдау.

Биылғы додада оқ бойы озық шығып, бас жүлдені облыс орталығының тұрғыны Мадина Ибрашева иеленді.

Айта кетейік, бұл байқау осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өткен жылы ҚӨУ студенті Эльдана Мұрат жеңімпаз атанып, Оңтүстік Кореяда бір апталық тағылымдамадан өтіп қайтқан болатын.

Жеңімпазымызды шын жүректен ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ, алар асуларыңыз көп болсын!!! Ал барша студент мен сайыс қатысушысына арманға апарар жолда талмай іздене беруді тілейміз. Алда әлі талай мүмкіндіктер бар!

Қабылдау комиссиясы