Іс-шара 21-22 мамыр күндері Астанада өткен Erasmus+ бағдарламасының аймақтық ақпараттық күні мен техникалық көмек миссиясы (ТАМ – Technical Assistance Missions) аясында ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар – Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі мен С.Сейфуллин атындағы университет. Конференция ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Еуропалық комиссияның білім, аудиовизуалды құралдар және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттігінің (EACEA) қолдауымен өтті.
Ақпараттық күнге Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары қатысып, жасанды интеллект бағытындағы жобаларын таныстырды.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ оқу процесінде кеңінен қолданылып жүрген AI-өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл өнімдер студенттер үшін де, профессор-оқытушылар құрамы үшін де бірдей тиімді, әрі пайдалы.
Болашақ талапкерлердің кәсіби бағдарын да назардан тыс қалдырмай, университет AI-mektep электронды платформасын жүзеге асырды.
Бұл – ҰБТ-ға дайындыққа арналған онлайн-платформа. Мұнда жасанды интеллект AI-тәлімгер рөлін атқарып, оқушының дайындық деңгейін талдап, біліміндегі әлсіз тұстарын анықтайды, қажетті тақырыптарды меңгеруге көмектеседі.
Аталған платформа университеттің AI SANA атты AI-экожүйесінің құрамына кіреді. Экожүйе TutorKSU мобильді қосымшасын, оқуға түсу мен білім алуға дайындық сервистерін, ғылым, медицина және агробизнес салаларындағы зерттеу құралдарын, сондай-ақ «Кампус және басқару» навигациялық жүйесін біріктіреді.
Оқу ордамыздың AI-өнімдері іс-шара қатысушыларына, соның ішінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Қазақстандағы ЕО елшісі Алешка Симкичке, сондай-ақ Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның білім беру саласы жетекшілеріне таныстырылды. ⠀
Жасанды интеллект саласындағы жобалар көрмесі аясында әрбір жоғары оқу орнына Erasmus+ бағдарламасы жобалары мен AI бастамаларына арналған көрме стендін орналастыру үшін арнайы алаң берілді.
Қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ стендімен танысып, жобалар туралы толық ақпарат алып, байланыс орнату мүмкіндігіне ие болды.
⠀
«Жоғары білім берудегі жасанды интеллект» секілді конференциялар жоғары оқу орындарына бірыңғай еуропалық білім беру кеңістігінде бағдар табуға, заман ағымынан қалмай, жоғары технологиялар әлемінде бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.
Бүгінде өңірдегі мектеп түлектері болашақ мамандығын таңдаған кезде, университеттің заманауи технологияларды меңгеруге, прогреске ілесуге және уақыт талабына сай сапалы білім беру үшін барлық жағдайды жасауға дайын екенін көрсету – аса маңызды.

