Бүгін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де инженерлік білім беру саласындағы оқу-әдістемелік бірлестіктің республикалық кеңейтілген көшпелі отырысы өтіп жатыр.
Бұл - Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, ЖОО мамандары, жұмыс берушілер мен шетелдік серіктестер бас қосқан ауқымды кездесу.
Әртүрлі салаларға арналған болашақ инженерлерді даярлау мәселесі талқыланды.
Жиынға өңіріміздің ірі кәсіпорындарының өкілдері қатысты:Allur, КаmLitKZ, Kia Qazaqstan, Агромаш, сондай-ақ еліміздің және жақын шетелдердің жоғары оқу орындары: А.Сагинов атындағы Қарағанды техникалық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, И.Каримов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университеті.
Іс-шараны алғы сөзбен ашқан Baitursynuly University ректоры Сейтбек Қуанышбаев университет пен аймақтағы кәсіпорындар арасындағы тығыз байланысты атап өтті:
– Біз студенттердің бірінші курстан бастап өндірістік үдерістерге етене араласуына тырысамыз. Бұл бағытта бізге серіктестеріміз көмектесуде
Қатысушылар атап өткендей, түрлі ситуацияларға лайықты жауап беру үшін жоғары оқу орындары мен кәсіпорындар күш біріктіруі тиіс.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гульжан Джарасова ҚӨУ-дің инженер кадрларын даярлауда қарқынды дамып келе жатқанын айтты.
Сондай-ақ Америка мен Оңтүстік Корея университеттерімен ынтымақтастық жайлы және ҚӨУ Smart-орталығының стартап жобаларды әзірлеудегі табысты еңбегі сөз болды.
Қостанай облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез қазіргі инженерлерге қойылатын талаптардың жоғары екенін, олар тек техникалық білімімен ғана емес, шет тілдерін де жетік меңгеруі қажет екенін атап өтті.
Айтпақшы, ҚӨУ базасында корей тілі бойынша тегін курстар сәтті жұмыс істеуде, бұл студенттердің KIA зауытына жұмысқа орналасуына үлкен септігін тигізіп отыр.
ҚӨУ-дің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Эльмира Наурызбаева университет базасында озық инженерлік мектеп құру жайында кеңінен айтып өтті.
Бұл - тек университет пен кәсіпорын арасындағы ғана емес, сонымен қатар мектеп оқушыларын да қамтитын серіктестіктің жарқын мысалы. Отырыста ерте кәсіптік бағдар беру мәселесі де қозғалды.
Қатысушылар күні бойы инженерлерді даярлау бойынша өзекті мәселелерді талқылап, табысты тәжірибелерімен бөлісті, проблемалық тақырыптарды көтеріп, өңір кәсіпорындарын аралап шықты.