Бүгінгі таңда жоғарғы оқу орындары алдында студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру міндеті тұр. А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-і тәжірибеге бағытталған білімнің бірнеше түрлерін қолданады. Мәселен оқу, өндірістік және диплом алды тәжірибе барысында студент дайындық бейіні бойынша нақты кәсіби құзыреттіліктерге ие болады. Сонымен қатар ЖОО-да мамандандырылған аудиториялар мен зертханалар бар, онда теорияны тәжірибемен ұштастыру үшін барлық жағдай жасалған. Практикалық және зертханалық сабақтардың бір бөлігі тікелей кәсіпорында өтетіні де маңызды. Мысалы «Машина жасау», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», «Көлік, көлік техникасы және технологиясы» ББ-ның 3-4 курс студенттерінің сабақтары «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорнында өтіп жатыр.
Сондай-ақ университет «KamLitKZ» ЖШС-мен тығыз байланыста. Қостанайда іске қосылуы 2023 және 2024 жылдарға жоспарланған ішкі жану қозғалтқыштары мен жетекші көпірлердің компоненттері үшін шойын құймаларын дайындайтын екі заманауи зауыттың құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі. Аталмыш зауытқа кадрлар керек және бұл қажеттілікті ҚӨУ-нің түлектері жабады деген үміт бар. Кеше инженерлік-техникалық институттың студенттері «KamLitKZ» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кәсіпорын келесі жылы 500-ге жуық маманды жұмысқа қабылдауға дайын. ЖШС жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, өз қызметкерлеріне әлеуметтік пакет ұсынады. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастық бірден екі негізгі міндетті шешеді, бұл – студенттердің кәсіби құзыреттілікке ие болуы және түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі.