ҚӨУ-дың инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталығының мамандары университет факультеттерінде профессор-оқытушылар құрамы мен деканат қызметкерлеріне арналған «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс істеудің нормативтік талаптары» тақырыбында әдістемелік семинарлар өткізді. Мамыр айының соңында осындай семинар педагогикалық институтта да ұйымдастырылады.
ҚӨУ заманауи университет – әр студент өз әлеуетін толық аша алатын тең мүмкіндіктер кеңістігі деген қағидаға сүйенеді. Инклюзивті университет – баршаға ашық, әралуандылық пен өзара құрмет мәдениетін басты құндылық ететін оқу орны.
Бүгінде инклюзивті білім беру – заманауи университет дамуының ажырамас бөлігі. Оның негізгі қағидасы – «ешкімді шет қалдырмау».
Қостанай өңірлік университетінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 145 студент 63 білім беру бағдарламасы бойынша білім алуда. Бұл университеттегі барлық білім беру бағдарламаларының 40%-дан астамын құрайды. Студенттер үшін қажетті жағдайлар жасалған: оқу бағдарламалары бейімделуде, қолжетімді білім беру ортасы дамытылып, өзара қолдау мен құрмет мәдениеті қалыптастырылуда.
Инклюзивті университет – бұл тек қолжетімді орта ғана емес, сонымен қатар сенімге, қолдауға және әр студенттің университет өміріне тең дәрежеде қатысуына негізделген орта.
ҚӨУ-да оқытушылардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Семинар барысында жоғары білім беру ұйымдарының білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарындағы өзгерістер қарастырылды.
Бұрын жоғары оқу орны үшін инклюзивті білім беру әдістемесі бойынша біліктілікті арттыру немесе қайта даярлау курстарынан өткен мамандардың болуы жеткілікті саналса, қазіргі талаптарда ерекше білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды оқытудағы практикалық дағдылар мен педагогтардың инклюзивті білім беру саласындағы жүйелі даярлығына басымдық берілген.
Семинар қатысушыларына инклюзивті білім беру моделінің негізгі ережелері мен ҚӨУ-дың ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларға арналған оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдары таныстырылды.
Кездесу барысында ұсынылған статистикалық мәліметтер ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер санының артып келе жатқанын көрсетті. Бұл университетте инклюзивті мәдениетті дамыту мен қызметкерлердің ішкі оқыту жүйесін жетілдірудің өзектілігін айқындайды.
«Инклюзия – бұл әр адамға тең қолжетімділік, құрмет пен мүмкіндік. Инклюзивті білім беру – тең мүмкіндіктерге бастар қадам», – деді ауыл шаруашылығы ғылымдары факультеті деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Төлеген Көбжасаров.




