2 сәуір күні А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де «Инклюзия: Білім болашағы» атты Республикалық форум өтті. Іс-шара «Аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату халықаралық күніне» арналды.
Форумды ата-аналардың «Stop autism» қоғамдық бірлестігі мен «Amanat&K» білім беру кешені бірлесіп ұйымдастырды.
Ауқымды шарада ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) балаларды тәрбиелеу, дамыту және түзету мәселелері талқыланып, тәжірибе алмасу өтті.
Форумның ашылуы жүрек тебірентерлік әрі әсерлі болды. Бұл құрмет Қостанай қаласындағы коррекция кабинеті тәрбиеленушілерінің алғашқысы Айлана Жалмухамедоваға берілді. Ол «Родина моя – Казахстан» әнін орындады.
Шарада Baitursynuly University ректоры Сейтбек Қуанышбаев «Инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесіндегі жоғары білім» тақырыбында баяндама жасады.
Форумға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары, мектеп мұғалімдері, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, инклюзияны қолдау кабинеттерінің, психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің мамандары, сондай-ақ арнайы және түзету-педагогикалық қызметтер көрсететін мамандар қатысты. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарының, түзету және дамыту орталықтарының басшылары мен мамандары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және инклюзивті қоғамның дамуына мүдделі барлық жандар форумды қолдады.
Форум қатысушылары үшін Ө.Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институттың инклюзивті білім беру зертханаларына экскурсия ұйымдастырылды.