А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің Француз орталығы да Қазақстанның барлық француз Альянстары сияқты Франкофония көктемін атап өтуде. Бұл мәдени шараның өтуіне мұрындық болған Францияның Қазақстандағы Елшілігі және Канада, Бельгия, Швейцария, Марокко сияқты франкофондық елдердің елшіліктері. Франкофондық көктем бағдарламасына сәйкес концерттер, шығармашылық байқаулар мен тұсаукесерлер, жазушылармен кездесулер өтеді.
Бес континенттің 29 еліндегі 300 миллионнан астам адам француз тілінде сөйлейді. «Франкофондық көктем» – француз тілі мен француз тілді елдер мәдениетінің мерекесі. Халықаралық Франкофония ұйымының мақсаты – француз тілінің аясын кеңейту, сонымен қатар мәдени, тілдік әртүрлілікті, бейбітшілікті, демократияны, адам құқықтарын, білім беруді және тұрақты дамуды қолдау.
Фестиваль аясында ҚӨУ-нің Француз орталығы «Француз тілінде сөйлейтін елдер» тақырыбындағы жаңа викторина ойнатады. Онда франкофондық ел туралы қызықты деректер айтылады, ал қатысушылардың міндеті - қай ел екенін анықтау. Сондай-ақ 4 сәуірде басталып, аптаның соңына дейін жалғасатын Франкофондық кино апталығын өткізу жоспарланған, кіру тегін. 11-15 сәуір аралығында француз тілінде үстел ойындары ұйымдастырылады. Фестиваль 25-29 сәуірде өтетін «Франкофондық елдер» аймақтану жобаларының тұсаукесерімен аяқталады.
Француз орталығында өткізілетін барлық іс-шаралар туралы ақпаратты @french_center_kostanay Instagram парақшасынан білуге болады.Іс-шараның белсенді қатысушылары үшін Францияның Қазақстандағы елшілігі бірнеше тартымды сыйлықтар дайындап қойыпты.