Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де халықаралық ынтымақтастық аясында Францияның Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің білім саласындағы аймақтық атташесі Ксавье Ле Торривеллекпен кездесу өтті.
Қостанай өңірлік университеті мен Франция елшілігінің ынтымақтастығы 2006 жылдан басталды. Ынтымақтастық келісімнің нәтижесінде оқу орнында Француз орталығы ашылды. Бүгінгі таңда Француз орталығы университет пен Қазақстандағы Франция елшілігі арасындағы дәнекер, барлық бірлескен жобалардың үйлестірушісі болып табылады. Франция елшілігінің көмегімен 2011 жылы ВИА ДОМИСИА (Перпиньян қ.) университетімен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, оның аясында 30-дан астам университет студенттері серіктес университетте бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша білім алды, Францияның ондаған жетекші университеттері университетіміздің оқытушылары мен студенттері үшін оқыту семинарларын өткізді.
Бүгін кездесуге қатысушылар Франция мен Қазақстан арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық мәселелері мен келешегін талқылады. Атап айтқанда, студенттерге арналған академиялық ұтқырлық бағдарламалары, Францияның жетекші университеттерінде тағылымдамадан өту мүмкіндіктері, Францияның жоғары оқу орындарында А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ өкілдігінің ашылуы туралы сөз болды. Сәуір айының ортасында Францияның ҚР-ғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс ҚӨУ-не іс-сапармен келеді. Осы орайда университет басшылығы жоғарыда аталған мәселелерге қатысты Франция елшілігінің көмегіне үміттенеді. Жетекші шетелдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейту - біздің мемлекетіміздің жоғары оқу орындарының алдында тұрған басты міндет. Сондықтан мұндай келісімнің біз үшін маңызы зор.