2026 жылдың 25 ақпанында бас ғимараттың конференц-залында «Қос диплом бағдарламаларын әзірлеу» атты воркшоп ұйымдастырылды.
Іс-шараға қызмет бағыттары бойынша проректорлар, білім беру бағдарламаларының жетекшілері, кафедра меңгерушілері, құрылымдық бөлімше өкілдері, жұмыс берушілер және студенттер қатысты.
Стратегиялық сессияның негізгі спикері университеттің академиялық саясат және оқу қызметі басқармасының жетекшісі Гүлнара Исмаилова болды.
Ақпан айының басында Гүлнара Сабырқызы Астанада British Council қолдауымен жоғары оқу орындары арасында қос диплом бағдарламаларын әзірлеуге арналған воркшопқа қатысқан болатын.
Алынған тәжірибе мен халықаралық тәсілдер университеттің институционалдық ерекшеліктерін ескере отырып бейімделіп, қатысушыларға ұсынылды.
Іс-шараның мақсаты — қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру қағидаттары бойынша бірыңғай түсінік қалыптастыру, сондай-ақ университеттің жүйелі ішкі құжаты ретінде ҚДББ туралы Ереженің архитектурасын айқындау болды.
Воркшоп барысында ҚДББ тұжырымдамасы, оның университет, студенттер мен жұмыс берушілер үшін стратегиялық құндылығы, сондай-ақ негізгі академиялық және басқарушылық сын-қатерлері жан-жақты қарастырылды.
Талқылау барысында қос диплом бағдарламаларын құру кезіндегі типтік кедергілер, нормативтік айырмашылықтар, оқу жоспарларын үйлестірудің күрделілігі, қаржылық тұрақтылық тәуекелдері мен институционалдық шектеулер сияқты мәселелер қамтылды.
Іс-шараға онлайн форматта British Council білім беру бағдарламаларының жетекшісі Надежда Трубова қосылып, трансұлттық білім берудің халықаралық даму контексін және ҚДББ сапасын қамтамасыз ету тәжірибесін таныстырды.
Оның баяндамасы ұлттық тәсілдерді халықаралық стандарттармен салыстыруға және нақты анықтамалар мен институционалдық сапа архитектурасының маңызын айқындауға мүмкіндік берді.
Стратегиялық сессия аясында ҚДББ әзірлеудің өмірлік цикліне, бастама көтеру мен институционалдық дайындықты талдау, академиялық және қаржылық модельді жобалау, құқықтық рәсімдеу, бағдарламаны іске қосу және сапа мониторингіне ерекше назар аударылды.
Воркшоптың маңызды нәтижелерінің бірі — Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, іске асыру және сүйемелдеу тәртібі туралы Ереженің құрылымы мен логикасын талқылау болды.
Бұл құжат ҚДББ-мен жұмыс істеудің барлық кезеңдерін кешенді реттеуге бағытталған және халықаралық бағдарламаларды іске асырудың тұрақты, ашық әрі ауқымды моделін қалыптастыруды көздейді.
Өткен воркшоп университеттің институционалдық кемелдігін нығайту мен халықаралық академиялық серіктестікті дамыту жолындағы маңызды қадам болды.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.























