Биыл Baitursynuly University мен Ualikhanov University алғаш рет бірлескен білім беру бағдарламасын іске асыруға кірісті. Екі жоғары оқу орны арасында жасалған меморандум аясында көкшетаулық болашақ журналисттер біздің университетте екі семестр білім алады.
Ualikhanov University Академиялық даму департаментінің басшысы Арман Хабдулин ҚӨУ-дағы студенттерге жасалған жағдаймен танысып, университет басшылығына ынтымақтастыққа ашықтығы және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Студенттермен кездесуде Арман Хабдулин басқа университетте білім алудың жаңа тәжірибе жинауға, кәсіби дағдыларды шыңдауға және пайдалы байланыстар орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
ҚӨУ-нің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар факультетінің деканы Әлібек Табылденов журналистика кафедрасының 30 жылдық тәжірибесі туралы айтып, бүгінде республикалық және өңірлік БАҚ-та еңбек етіп жүрген түлектерге тоқталды.
Биыл кафедрада заманауи медиа-студия ашылды. Енді Ualikhanov University-нің студенттері де студияны пайдаланып, бейне және аудиоматериалдар дайындап, журналистиканың жаңа бағыттарын меңгере алады.
Бірлескен білім беру бағдарламасы екі университет арасындағы академиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, студенттерге екі оқу орнының білім беру және практикалық мүмкіндіктерін қатар пайдаланып, жаңа тәжірибе жинауға жол ашады.













