«Бұқаралық ақпарат құралдарындағы фотоқорлар және авторлық фотосуреттер» - «Фотожурналистика» пәні аясында «Журналистика» білім беру бағдарламасының 4 курс студенттеріне арналған дөңгелек үстел бүгін осындай тақырыпта өтті. «Қостанай Медиа» медиахолдингінің фототілшілері Нұржан Смаилов пен Бағдат Ахметбеков студенттермен тәжірибелерімен, кәсіби дағдыларымен бөлісті.
Дөңгелек үстел барысында студенттер қор фотосуреттерін пайдалануға байланысты этикалық, құқықтық, экономикалық мәселелер; бренд жасаудағы авторлық фотографияның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы баяндама жасады. Әрбір сұрақ студенттер арасында қызықты және нәтижелі пікірталас тудырды.
Бағдат Ахметбеков пен Нұржан Смаилов фототілшілердің қарастырылған мәселелерді іс жүзінде қалай шешетінін айтты.
Талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар келесі тезистерге сүйену керектігін түсінді, олар: авторлық фотосурет бүгінгі таңда маңызды және БАҚ-тың барлық түрлеріне қажет; әмбебап журналист барлық жанрларды бағындыра алмайды және оқиға материалын жасау кезінде оған фотограф қажет; журналист кез-келген нәрсені суретке түсіре алады, бірақ жариялау үшін құқықтық және этикалық нормаларға негізделген материалдарды таңдауы керек; шығармашылық фототілшінің жұмысында маңызды және шешуші рөл атқарады.