Болашақ ұрпақ үшін маңызы зор қадам

ҚӨУ педагогикалық институтында «ҚР Жаңа Конституциясы: болашақ ұрпақ үшін маңызы» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға қатысқан институт оқытушылары еліміздің Ата Заңына енгізілетін өзгерістер жобасын қызу талқыға салды.

ҚӨУ экономика және құқық факультетінің қылмыстық және азаматтық құқық және процесс кафедрасының аға оқытушысы Еркін Құрманалинов конституциялық реформаның білім беру жүйесіне тигізер ықпалына тоқталды.

Басқосу барысында жаңа Конституция жобасындағы негізгі өзгерістер сараланды. Бұл бастаманың қоғам тарапынан үлкен қолдау тапқаны және құжатты әзірлеуге еліміздің білікті сарапшылары, заңгерлері мен ғалымдары атсалысқаны айтылды.

«Біз, ұстаздар қауымы, құқықтық құжаттарға тек бір жақты қарамай, оның мән-мағынасын терең түсінуіміз керек. Өйткені бұл заңдар біздің күнделікті қызметімізді тікелей реттейді. Жаңа Конституция жобасында ғылым мен білімді қолдау мәселесіне айрықша басымдық берілген. Бұл – саланың дамуына, қаржыландырудың артуына және заманауи технологияларды енгізуге жол ашумен қатар, педагог мәртебесінің нығаюына кепіл болады деген сөз», – деді спикер.

Оқытушылар ұсынылып отырған өзгерістердің келешек ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін және жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы ұстаздардың рөлін талқылады. Жиын соңында қатысушыларға 15 наурызда өтетін референдумға қатысып, жаңа Конституция жобасы үшін дауыс берудің маңыздылығы тағы бір мәрте ескертілді.

Қабылдау комиссиясы