А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде мектеп және колледж түлектерімен кездесулер жалғасуда. Мәселен, бүгін П.И.Чужинов атындағы экономика және құқық институтының ұжымы қазақ әйелдерi арасынан шыққан тұңғыш журналист Н.Құлжанова атын иеленген Торғай гуманитарлық колледжі студенттерімен кездесті. Іс-шараны институт директорының орынбасары Елена Васильчук ашып, колледж мамандықтарының сыныптауышы (классификатор) бойынша талапкерлер «Психология» және «Журналистика» мамандықтарына түсу мүмкіндіктері бар екендігін ерекше атап өтті. Одан кейін психология кафедрасының меңгерушісі Гульнара Саткангулова, кафедра оқытушысы Нургуль Аубакирова, журналистика және коммуникациялық менеджмент кафедрасының меңгерушісі Амангелді Шөрентаев талапкерлерді оқу бағдарламаларымен және оқуға түсу ерекшеліктерімен таныстырды. Сонымен қатар университеттегі әлеуметтік жеңілдіктер және гранттар жайында ақпаратпен директордың орынбасары Орал Такиров бөлісті. Кездесу барысында колледж студенттері тарапынан қойылған сауалдарға қарағанда жоғарыда аталған мамандықтарға деген қызығушылықтары байқалды. Сондықтан аталмыш колледж түлектері дұрыс таңдау жасайтындарына сенімдіміз!