Baitursynuly University өкілі Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен республикалық экофорумға қатысты.
Қостанай қаласының делегациясы құрамында ҚӨУ-дің Жастар саясаты басқармасының басшысы, Қостанай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Диана РАКПАНОВА «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған экофорумда бой көрсетті.
«Таза Қазақстан» жобасы бір жыл бұрын бастау алған, сол сәттен бастап бұл бастамаға ең белсенді жастар, еріктілер және ҚӨУ студенттері қатысып келеді.
Акцияның маңыздылығы туралы сөз қозғаған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: ақыл-ойдың, тәннің және қоршаған ортаның тазалығы - адамның ішкі мәдениетінің айқын көрінісі екенін атап өтті.
– Тазалық әр адамнан, әр үйден, әр көшеден, әр қаладан басталуы керек. «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік шара болып қалмай, біздің өмір сүру салтымызға айналуы тиіс. Халқымыз «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Табиғатты қорғау идеясы сіздерді біріктіріп отыр. Сіздердің бірлескен күш-жігерлеріңіздің арқасында бұл пайдалы бастама ауқымды қозғалысқа айналды. Бұл – ортақ мүдде жолындағы бірліктің жарқын мысалы, – деді мемлекет басшысы.