Тартысты сында бақ сынағандардың арасында Baitursynuly University студенттері де бар.
ҚӨУ-дің машина жасау, энергетика және ақпараттық технологиялар факультетіндегі «Ақпараттық технологиялар және робототехника» білім беру бағдарламасының студенттері қалаға орала салысымен әсерлерімен бөлісті.
HackAlem AI сайысы оңайға соқпаған.
Қатысушыларға экономика, қаржы және бизнес саласындағы 10 кейстің бірін таңдау мүмкіндігі ұсынылған. Әр топ өзіне ұнаған бағытты таңдап, 5 сағат ішінде компанияларға арналған дайын веб-сайт, сервис немесе мобильді қосымшаны нөлден бастап жасап шығуы тиіс болды.
«Аса қиын болды деп айта алмаймын, бірақ барымызды салдық. Алдын ала түрі-түрлі тапсырмаларды орындап, жақсылап дайындалдық. Бұған дейін де хакатондарға қатысып, тәжірибе жинап жүргенбіз. Соның пайдасы тиді. Қандай алгоритм қолданған тиімді екенін түсініп, мәселені тез шешуге көмектесті», – дейді Всеволод.
Студенттеріміз әртүрлі командада жұмыс істеп, әлеуметтік жобалардан бастап күрделі аналитикалық сервистерге дейінгі бірегей бағыттарды егжей-тегжейлі зерттеп шыққан.
ҚӨУ студенттері робототехниканы құр теориямен үйреніп жүрген жоқ. Олар университет зертханаларында гуманоид роботтармен, барлаушы роботтармен және заманауи арнайы модульдермен жұмыс істейді.
«Бұл ойыншық емес! Тапсырмаларды орындауға арналған кәдімгі техника. Мысалы, баруға қиын немесе қауіпті жерлерде жұмыс істеуге таптырмас көмекші-роботтар. Болашақта толыққанды автономды көмекшілерді құрастыру үшін қазір датчиктердің өзара қалай байланысатынын егжей-тегжейлі зерттеп жатырмыз», – деп түсіндірді Сергей.
Мұндай сапарлардың басты артықшылығы – тәжірибе мен жаңа таныстық. Хакатондарда еліміздің әр өңірінен келген мамандармен танысып, ой бөлісуге, идеяларды талқылауға және IT саласындағы жаңа бағыттарды өз көзіңмен көруге мүмкіндік бар.
Хакатонның алғашқы кезеңі артта қалды. Енді екінші турға өтетін қатысушылардың есімі мен қорытындысы 26-28 қыркүйек аралығында белгілі болады.
Студенттеріміздің пікірінше, бәсекелестік жоғары болған. Дегенмен олардың жобалары мықты, сондықтан келесі кезеңге өту мүмкіндігі де өте жоғары.
Енді тек нәтижесін күту қалды. Барлық қатысушыға сәттілік тілейміз. Ал ҚӨУ студенттері үшін тақымымызды қысып, жанкүйер болып отырмыз!
