Қостанай өңірлік университетінің Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының студенттері полиция департаменті және экономикалық тергеулер департаментінің өкілдерімен кездесті.
Іс-шара еркін форматта өтті. Студенттер мен мамандар ашық әңгімелесіп, өзекті тақырыптар бойынша ой бөлісті. Негізгі мақсат – жастарға қазіргі заманның түрлі қауіп-қатерлері туралы айтып, олардан қалай сақтану керегін түсіндіру.
Киберқылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі Ертан Қазбаев интернет-алаяқтықтың түрлері мен киберқылмыстардың ерекшеліктері жайлы жан-жақты баяндады.
Ол желідегі алаяқтық әрекеттерін қалай тануға болатынын, қылмыскерлер жиі қолданатын тәсілдерді түсіндіріп, жеке деректерді интернетте қорғаудың нақты жолдарын көрсетті.
Экономикалық тергеу қызметінің аға лейтенанты, жедел уәкіл Хамза Уалихан дропперлік тақырыбында сөз сөйледі.
Ол алаяқтардың экономика саласында қолданатын жаңа айла-тәсілдері, олардың қандай қауіп төндіретіні мен салдары жайлы айтты. Сондай-ақ мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары атқарып жатқан жұмыстар туралы да баяндады.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бекзат Жанбұршинов жастар арасында жиі кездесетін буллинг пен бопсалау тақырыбын қозғап, әлеуметтік желіде біреуді қорлау, өсек тарату, психологиялық немесе физикалық қысым көрсету, қорқытып ақша не зат талап ету сияқты өмірден алынған мысалдармен бөлісті.
Ол өз сөзінде мұндай әрекеттерге заң бойынша қандай жауап берілетінін де атап өтті. Жеңіл жаза түрінен бастап, ауыр жағдайда түрмеге дейін баруы мүмкін екенін айтты.
Кездесуде әсіресе мұндай оқиғалардың алдын алу мен жәбір көргендерге қолдау көрсетудің маңызына баса назар аударылды.
Осындай кездесулер жастарға бүгінгі заманның түрлі қауіп-қатерін тануға, өз қауіпсіздігін интернетте де, күнделікті өмірде де қорғауды үйренуге мүмкіндік береді.
Бұл кездесу студенттерге қауіптің алдын алып, өздерін қорғай білудің маңызын ұқтырды.