А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-нің базасында машина жасау саласы бойынша ғылыми-білім беру консорциумы құрылады. Бүгін ректор Сейітбек Қуанышбаев, Қостанай автомобиль көлігі колледжінің директоры Дмитрий Павленко, Ө.А. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының бас директоры Амандық Төлешов, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС, «Аллюр» компаниялар тобы Корпоративтік университетінің басшысы Людмила Олкинян және «KamLitKZ» ЖШС Оқу орталығының басшысы, HR директор Эльвира Шакурова машина жасау саласында ғылыми-білім беру консорциумын құру туралы келісімге қол қойды.
Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанның машина жасау өнеркәсібінде жоғары білікті кадрлар тапшы. Консорциумға қатысушы тараптардың ресурстары мен зияткерлік әлеуетін біріктіру кадр мәселесін шешіп қана қоймай, өндіріс пен білім беру салаларының өзара әрекеттесуін нығайтады, білім мен ғылымды, өндірісті интеграциялау арқылы Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытуға ықпал етеді. А.Байтұрсынов атындағы ҚӨУ-де осы уақытқа дейін де бұл бағытта біраз жұмыстар атқарылып жатқанын айта кету керек, мәселен университет Қостанайдың индустриалды аймағында салынып жатқан екі зауыт үшін инженерлік кадрларды мақсатты түрде дайындайтын базалық университет ретінде бекітілді. Сонымен қатар, ірі өнеркәсіптер мен кәсіпорындар, университет серіктестерінің, барлық мүдделі тараптардың қатысуымен жаңа және инновациялық білім беру бағдарламалары әзірленуде.
Болашақта бұл жобаны жүзеге асыру университетке әртүрлі салаларда сұранысқа ие жаңа мамандықтар Атласы бойынша жоғары технологиялық өндіріс үшін мамандар дайындауға, университет ғалымдары жүргізген ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, «Бірге біз мықтымыз!» ұранымен ғылым, өндіріс және оқу орнының күш-жігері біріктіріліп, өңірдегі маман тапшылығы мәселесі оңынан шешілмек.