object(DateTime)#1030 (3) {
  ["date"]=>
  string(26) "2024-12-25 06:20:15.000000"
  ["timezone_type"]=>
  int(3)
  ["timezone"]=>
  string(12) "Asia/Karachi"
}
ТДМ

ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде болды

Дархан АХМЕД-ЗАКИ Қостанайға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған жедел топ құрамымен бірге келді. Алдымен ол Baitursynuly University ғимараттарының бірінде орналасқан гуманитарлық көмек жинау пунктінің жұмысымен танысты.

Мұнда таңнан кешке дейін ҚӨУ студенттері мен қызметкерлері еңбек етуде – жүк көліктерінен гуманитарлық көмекті түсіріп жүр. Көмек барлық өңірлерден келіп жатыр: Жамбыл және Қарағанды облыстарынан, Астанадан, Лисаковтан, тіпті Қырғызстаннан. Бүгінгі таңда еріктілер 174 тонна азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттарды су тасқынынан зардап шеккендерге үлестіріп беруде. 750-ден астам адам көмек алса, бұл көрсеткіш сәт санап артып келеді.

Вице-министр Қостанай ауданының Мичурин және Алтынсарин (Әлжан) ауылдарының тұрғындарымен жеке кездесіп, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету жөніндегі жедел штабқа барды. Бұдан кейін ол ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Академия жатақханасының эвакуациялық пунктінде уақытша орналасқан тұрғындармен және оларға көрсетілген көмек жағдайымен танысты.

ҚӨУ студенттерімен бейресми кездесуде Дархан АХМЕД-ЗАКИ қазіргі таңда су тасқынының салдарын жою жөніндегі мемлекет қабылдап жатқан шаралары жайында айтты.

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ су тасқынынан зардап шеккен отбасылардан білім алып жатқан студенттерді 1 қыркүйекке дейін университеттің жатақханаларында тегін тұруға және оқу ақысын төлеуден босату жағынан зор жеңілдік жасап отыр.

"Қазір бұл басым міндетіміз, - деп түйіндеді вице-министр. - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен өңірлерді жеке бақылауда ұстап отыр және осы аймақтарды аралап жүр. Арнайы комиссия келтірілген залалды есептеп, зардап шеккен азаматтарды анықтап жатыр".

Министр орынбасарының келесі барған орны – Baitursynuly University Smart-орталығы, онда студенттер және оқытушылардың стартаптары мен ғылыми әзірлемелері таныстырылды. Вице-министр университет ғалымдарының өткен жылдан бері әзірлеген су ресурстарын жедел мониторингілеу және гидротехникалық инженерлік құрылыстарды экологиялық бақылау жүйесін құру жобасына оң баға берді.

"Соңғы оқиғалардан кейін бұл өте маңызды іс, - деп атап өтті Дархан АХМЕД-ЗАКИ. - Ғылыми жобалар өз нәтижесін әкелуі керек, қоғам игілігі үшін жұмыс істеуі тиіс. Енді су қарқыны төмендеп, адамдар үйлеріне қайта оралған кезде, жағдайдан сабақ алу маңызды".

Ал Қостанай ЖОО ректорларының кездесуінде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрінің ұсынысымен ҚӨУ базасында ғалымдар консорциумын құру туралы шешім қабылданды. Бұл құрылым бейінді ҒЗИ және кәсіпорындармен бірлесіп, су тасқынын күні бұрын хабарлау және оның алдын алу жүйесін әзірлеумен айналысатын болады.

Қабылдау комиссиясы