А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің Аграрлық-техникалық институты бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Ветеринарлық медицина кафедрасының түлектеріне арналған дәстүрлі бос жұмыс орындар жәрмеңкесі биыл онлайн режимде өтті. Ұйымдастырушылар: университеттің мансап және жұмыспен қамту орталығы, сонымен қатар кафедра түлектерінің жұмысқа орналасуына жауапты қызметкерлер. Жәрмеңкеге ветеринарлық медицина кафедрасының меңгерушісі, биылғы жылдың түлектері мен ветеринария мамандығының магистранттары қатысты.
Жұмыс берушілерден «Қостанай облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Ақат Шектібаев, «ОЛЖА АГРО» ЖШС-нің Снежана Шандр және «HIT Kazakhstan» ЖШС-нің өкілдері қатысты.
Еліміздің көптеген жоғары оқу орындары биыл түлектер үшін дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесін әлемде орын алған жағдайға байланысты өткізбеді, ал Қостанай мемлекеттік университеті дәстүрді бұзбай, оны жаңа форматта өткізді. Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жақында барлық кафедраларда өтеді, өйткені түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі университет тиімділігінің маңызды көрсеткіші болып қала береді.
Осы саладағы мамандарға сұраныс туралы айта отырып, Ақат Шектібаев «Қостанай облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесінде Алтынсарин, Әулиекөл, Денисов, Қамысты, Қарабалық, Қарасу, Костанай, Меңдіқара, Наурызым, Федоров, Сарыкөл, Б.Майлин аудандарында мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің 14 бос орны бар екенін айтты, сондай-ақ Әулиекөл, Б.Майлин, Денисов, Жангелді, Камысты, Карабалық, Карасу, Меңдіқара, Ұзынкөл аудандары мен Арқалық қаласының ветеринарлық пунктерінде мал дәрігерлерінің 16 бос орны бар екенін атап өтті.
Онлайн-жәрмеңке барысында студенттер мен жұмыс берушілер арасында диалог орнады. Студенттерді еңбекақы мәселесі, ауылдық жерлердегі әлеуметтік қолдау шаралары, магистратурада оқуды мемлекеттік қызметтегі жұмыспен ұштастыру және тағы да басқа мәселелер қызықтырды.
Жеке ауылшаруашылық кәсіпорындарының өкілдері өз мекемелерінің жұмыс ерекшеліктері туралы және қазіргі уақыттағы кадрларға қажеттілік туралы айтты.
Жалпы, бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу қажеттілігін атап өткен жөн, өйткені студенттер ветеринария саласындағы бос жұмыс орындары мен болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы алдын-ала біледі.
Пікір алмасу барысында жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы заманауи талаптарды ескере отырып, ветеринарлық кадрларды даярлауда университетпен ынтымақтастық туралы ұсыныс жасалды.