ҚӨУ-дің аяулы аруларына арналған бұл жиында ең ізгі тілектер ақтарылып, сахна төрінен әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би мен тосын сыйлар ұсынылды.
ҚӨУ ректоры Сейтбек Қуанышбаев оқу орнының нәзік жандылар қауымына өзінің ақжарма тілегін білдірді:
– Кез келген қоғамда әйелдердің орны ерекше. Сіздер білім мен тәрбиенің алтын арқауысыздар, болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беретін ұлағатты ұстазсыздар. Бүгінгі жетістіктеріміз бен толағай табыстарымыз – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Даналық пен қамқорлықтарыңыз, қосқан үлестеріңіз үшін алғыс айтамын. Мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Салтанатты шара аясында университет қызметкерлері мен ұстаз-ғалымдарына ректордың Алғыс хаттары табысталып, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталары мен төсбелгілері салтанатты түрде иелеріне қиылды.
Мерекелік бағдарлама ерекше тосын сыйлармен есте қалды.
Әсіресе сахнаға «Филипп Киркоров» пен «Стас Михайлов» бейнесінде шыққан өнерпаздар жұртшылықты тәнті етті. Танымал әншілердің образын шебер сомдаған артистерге көрермен қауым дуылдата қол соғып, ыстық ықыластарын білдірді.
Бұл кештің басты мұраты – ҚӨУ-дің аяулы аруларына қуаныш сыйлап, көңілдерін жадырату болатын. Бұл мақсаттың толықтай орындалғаны көрерменнің жүзіндегі күлкіден-ақ байқалды.
Осындай ғажайып мерекелік рух сыйлаған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз!



















