7 мамыр - Отан қорғаушылар күні әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің нышаны, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі, ал құрметті ардагерлеріміз, болашақ ұрпақтар үшін, егемен еліміздің тәуелсіздігін қорғаушылардың бәрі үшін жарқын үлгі болып қала берері сөзсіз. Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата – бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, рухын көтеру, студенттерімізге үлгі өнеге ету кездесу кешіміздің мақсаты болды.
Бүгін Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институтының қабырғасында 100 жастағы Ұлы Отан Соғысының ардагері Касымхан Алдабергенұлы Алдабергеновпен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, полковник Маманов Талгат Хажиевичпен кездесу өтті. Талгат Хажиевич Қасымхан Алдабергенұлының майдандас досының ұлы болып табылады.
Қасымхан Алдабергенов 1943 жылы майданға аттанған. Ол кезде не бары 17 жаста еді. Жас жігіт ширақтығымен, алғырлығымен көзге түсіп, әуе-десант құрамына қабылданған. Талай рет от пен оқтың ортасында жаумен бетпе-бет келіп айқасқан. Соғысқа 1943 жылдың қаңтарында аттанып, 2-ші және 3-ші Украин майданында болады. Десантшылар әскерінің құрамында Еуропаны азат етуге қатысады. Жеңісті Чехословакияда қарсы алады, Кеңес әскерінде қызмет етіп, елге 1950-ші жылы оралады. Соғыста жүргенде 62 рет парашютпен секіреді. Елге оралған соң Қасымхан аға қаруын қаламға ауыстырды. Ұстаздық етті, ақындар айтысына қатысты. Айтыс өнеріндегі оның жеңісі жайлы тіпті одақтық «Правда» газеті де жазған. Ширек ғасырға жуық облыстық «Қостанай таңы» газетінде тілшілік қызмет атқарды. Таным-тағылымы мол кітап, жинақтары жарық көрді. Қарт майдангер, облыстық «Қостанай таңы» газетінің ардагері, ғасыр жасаған атамыз Қасымхан Алдабергенұлы Қазақстан журналистер одағының мүшелігіне өтіп, «Қазақстанның Құрметті журналисі» медалін кеудесіне тақты.
Талгат Хажиевич 2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері. 1987 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде жүрегі мен өкпесінен ауыр жарақат алған. Мемлекеттік және ведомстволық наградалармен (ордендермен және медальдармен), құрмет грамоталарымен марапатталған. Облыстық кудо және жауынгерлік самбо федерациясының президенті. Дайдо Джуку Кудодан қара белбеу. Шахмат – 1-разрядты, РФ Федералдық қауіпсіздік қызметі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Орал облысында өткен халықаралық жарыстарға қатысушы. Сонымен қатар Талғат Хажиевичтің 6 кітабы жарық көрген, поэзиялық шығармалары бар. Қостанай облысы бойынша «Жыл жазушысы» номинациясына екі рет ұсынылды. 2018 жылғы 1 миллион теңге ақшалай сыйлықпен «Қазына» сыйлығының лауреаты. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Ардагерлермен кездесу кешінде студенттер ардагерлерге арнап жыр шумақтарын арнап, ән шырқалды. Студенттер ардагерлерді мұқият, қызығушылықпен тыңдады. Ардагерлер соғыс кезіндегі басынан кешкен ауыр күндерімен бөлісіп, студенттерге жарқын болашақ тіледі.
Біз соғысты көрген жоқпыз. Бірақ бізге бұйырған бақыт сіздердің ерліктеріңіздің арқасында келген еді деп студенттер алғысын айтты. Біз сіздердің алдарыңызда бас иеміз, сіздер бізге бүгінгі бейбіт күнде де жол салып келесіздер. Отан алдында қасық қаны қалғанша, кеудесін оққа тосқан Ардагерлерге алғысымызды білдіреміз. Ел қорғау-нағыз ерлердің ісі. Ұлан-ғайыр жерді көздің қарашығындай сақтап, ата-бабаларымыз аманат еткен Отанымызды қорғау-бүгінгі ұрпақтың парызы. Аманатты сақтап, туған жерді қорғау-сертіміз!