ЖОО мен мемлекеттік органдар диалог алаңында

«Қазақстанның конституциялық жаңғыруы: іске асырудың құқықтық тетіктері және институционалдық өзгерістер» – бұл Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де өткен дөңгелек үстелдің тақырыбы.

Диалог алаңы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, ҚӨУ экономика және құқық факультетінің мемлекет және құқық теориясы кафедрасының оқытушылары мен Қостанай қаласының ЖОО өкілдерін және студент жастарды біріктірді.

Қостанай өңірлік университетінің әлеуметтік-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нұрлыхан Темірбеков алғы сөзінде конституциялық реформалар тек құқықтық процесс емес, сонымен қатар қоғамдық дамудың маңызды кезеңі екенін атап өтті.

Университеттік орта ашық кәсіби пікірталас пен жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыратын кеңістік екенін тілге тиек етті.

Қостанай облысы әділет департаментінің коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу және тіркеу қызметі саласындағы бақылау бөлімінің басшысы Азамат Сұлтанов Конституция жобасындағы негізгі новеллалар мен жаңашылдықтарға талдау жасады.

Ол өкілді органдардың рөлін кеңейту, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту, сондай-ақ адвокатураның құқықтық мәртебесіне қатысты өзгерістерге тоқталды.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер теңгерімді саяси жүйе қалыптастыруға бағытталған.

Облыстың мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әлия Жауарова жаңа Конституциядағы азаматтардың сайлау құқықтарын қорғау мәселелерін ашып көрсетті.

Ол баяндамасында сайлау процесінің заңдылығын қамтамасыз етудегі соттардың рөлін атап өтіп, шағымдарды жедел қарау тетіктері туралы айтты. Сондай-ақ 10–20 наурыз аралығында соттар демалыссыз жұмыс істейтінін ескертті.

Спикер сот кепілдіктерін күшейту азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырудың маңызды элементі екенін атап өтті. Жалпы, барлық институттардың жұмысы азаматтарды қорғауға бағытталғаны айтылды.

ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының жалпы заң пәндері кафедрасының аға оқытушысы Елена Жүнісова қазіргі қолданыстағы Конституция мен оның жаңа жобасына салыстырмалы талдау жасады.

Мемлекеттік басқару моделінің трансформациясы, сонымен қатар құқықтық және әлеуметтік мемлекет принциптерінің дамуы қарастырылды.

Баяндама конституциялық реформаның эволюциялық сипатын және оның қазіргі заман талаптарына сәйкестігін көрсетті.

Келесі спикер – Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалы құқық кафедрасының профессоры Жанат Атжанова Конституция жобасын қоғамның орнықты дамуының прогрессивті негізі ретінде қарастырды.

Мемлекеттің әлеуметтік бағыттылығы, жеке тұлға құқықтарын қорғау және институционалдық тұрақтылық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Баяндамашының пікірінше, конституциялық өзгерістер елдің тұрақтылығы мен одан әрі дамуы үшін берік негіз қалайды.

Талқылау барысында қатысушылар жаңа консультативтік институттардың маңызына тоқталды. Қоғам мен мемлекет арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге, қоғамдық бастамаларды жинақтап, ел дамуына қатысты өзекті ұсыныстар әзірлеуге арналған жоғары консультативтік кеңес – Халық кеңесінің рөлі атап өтілді.

Сондай-ақ жаңартылған парламент моделі – Құрылтай өкілді жүйені дамытудың жаңа кезеңі ретінде қарастырылды.

Қонақтар мен студенттер бұл институционалдық өзгерістер мемлекеттік биліктің ашықтық принциптерін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Конституциялық жаңғыру әділетті, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағаланды.

Қабылдау комиссиясы